Өркендеу жолындағы жомарттық жемісі
Құлынжон ауылындағы Ybyrai мектебі жанынан пансионат салынады. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың Самар ауданына жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысымен бірге Шығыс Қазақстанға арнайы келген белгілі меценат Айдын Рахымбаев өз ауылының мектебін аралады.
Еске салайық, 2022 жылы Құлынжон ауылының тумасы, Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation қорының құрылтайшысы Айдын Рахымбаев туған мектебін қайта құруға және жаңғыртуға бағытталған «Ybyrai Mektebi» жобасына екі миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлген. Сол кезден бастап білім ошағының тарихындағы жаңа даму кезеңі басталды деуге болады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын көптеген ауыл мектебіне тән кадр тапшылығы, материалдық базаның әлсіздігі, қажетті инфрақұрылымның жоқтығы сияқты факторлар салдарынан жабылу алдында тұрған Құлынжондағы білім ордасы адам танымастай өзгерген.
Жобаны жүзеге асыруға қатысқан Michigan State University мен Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation қоры тарапынан уақтылы көрсетілген қолдаудың арқасында аталған оқу ордасы екі жыл ішінде келешегі жоқ ауыл мектебінен қазіргі заманғы білім беру орталығына айналды.
Рас, екі жылдағы шағын ауыл мектебінің нәтижесі айтуға тұрарлықтай. Мәселен, аталған уақыт ішінде магистрлік дәрежесі бар мектеп педагогтарының үлесі 15%-дан 25%-ға дейін ұлғайды. Тәлімгерлерінен шәкірттері де қалысқан жоқ. Жергілікті түлектердің ҰБТ-дағы орташа балы 53-тен 102-ге дейін артты.
Оқушыларға робототехника, медиа-сауаттылық, гидропоника мен басқа да нарықта сұранысқа ие бағыттарды қамтитын сыныптан тыс қосымша 15 үйірме қолжетімді.
Мектеп жанынан комьюнити-орталық құрылып, табысты жұмыс істеуде. Оның қызметі тәрбие және білім беру процестеріне өз үлесін қосып отыр, ата-аналардың балалар мен мектеп өміріне қатысуын біртіндеп арттырып, ересектерді белсенді қоғамдық өмірге тартып келеді.
Міне, айналдырған екі жыл ішінде осындай табысқа жеткен білім кешенінде бүгін тағы бір айтулы оқиға болды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев пен Айдын Рахымбаев білім ордасының маңайынан уақыт капсуласын сала отырып, «Ybyrai Mektebi» жобасының екінші кезеңін бастады. Бұл кезең мектептің инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа, заманауи білім беру моделін құруға бағытталмақ.
Жоспар бойынша, бұл жерде бой көтеретін спорт алаңы мен жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін Құлынжон ауылындағы мектеп оқушыларына спортты және озық оқыту әдістемелерін ұсынатын бірегей білім беру кешеніне айналуға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өз тарапынан «Ybyrai Mektebi» білім беру жобасын іске асыру аясында ауылдық мектепті жаңғырту мен жалпы жаңғыртудың меценаттық бастамасына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мұны салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев та айтты.
Ал белгілі меценат Айдын Рахымбаев облыс басшылығы қолдау білдірсе, Шығыс Қазақстанда мұндай мән-мағынасы зор жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Нұржан Кенжеұлы