KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, В
527.3 544.86 4.95

Жастарға IT білімін беру – болашақтың негізін қалауға бағытталған қадам

14.12.2024, 15:00 188 Гульжан Мусина

Қазақстан әлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн-қызметтер көрсету бойынша 8-орында. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызмет экспорты $306 млн-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін $600 млн-нан асады деп күтілуде. Жалпы 5 жыл ішінде отандық IT-қызметтердің экспорты 20 есеге ұлғайды. Елімізде роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары орнықты дамуда, көптеген салаларда трансформация жалғасып жатыр.

Заңнамалық база қалыптастырылып, үнемі жетілдіріліп отырады. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, сондай-ақ венчурлік нарықты және стартап-экожүйені дамыту үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасалды. Astana Hub технопаркі көптеген стартаптар үшін шын мәнінде инновациялық кластерге әрі ең негізгі әріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде. E-commerce, BigData, GameDev, Fintech, MedTech пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық әлеуеті жоғары. Олардың белсенді дамуы 2026 жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын $1 млрд-қа дейін өсіруге ықпал етпек.

Премьер-министр Үкімет алдағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдай беретінін атап өтті. Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды және басқа елдердегі жаһандық әріптестік желіні дамыту саясатын одан әрі жалғастыру қажет.

- Мемлекет басшысы 2029 жылы цифрлық технологиялардың экономикаға қосатын үлесін 1%-ға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80%-ға жеткізу міндетін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Соңғы алты жылда Қазақстанда венчурлік қаржыландыру көлемі 6 еседен астам өскен. Әрі қарай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуымыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамытып, ірі бизнесті тарту және сауатты цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Цифрландыру, ІТ-саланы дамыту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру экономиканың дамуына ықпал етуге тиіс, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда жастарды дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Солардың бірі – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Ақпараттық жүйелер саласындағы Технологиялар құзіреті және трансфер орталығының бас инженері, Ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебінің аға оқытушысы, техника және технологиялар магистрі Дидар Мұратұлы. Ол 2020 жылдан бері ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша докторантурада білім алуда және әріптестерімен бірге VR технологияларына байланысты жобаларды жүзеге асырып келеді.

Дидар Мұратұлы 1989 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Ол 2007-2011 жылдары Қазақстан-Америка еркін университетінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алып, алғашқы бағдарламалау тілдерін үйреніп, IT саласына қызығушылығы артқан. 2012-2014 жылдары сол университеттің магистратурасын тәмамдап, кейін Шығыс Қазақстан техникалық университетінде екі жыл бойы машина жасау негіздерін үйренген. Қазір ол PhD докторантураны тәмамдап, докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жатыр.

Дидар Мұратұлы қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар саласындағы бірқатар мәселелерге алаңдайтынын айтады. Оның айтуынша, қала мен ауыл жастары арасындағы цифрлық алшақтық артып келеді. Қалада жастардың көпшілігі интернетке қол жеткізіп, түрлі білім беру курстары мен IT мектептерінде білім алуда. Ал ауылдардағы жағдай басқаша. Көптеген ауылдарға әлі интернет желісі тартылмаған, бірақ соңғы жылдары «Starlink» жүйесі арқылы бірқатар ауылдарға интернет байланысы орнатылуда.

- Қазіргі IT-технологиялар – қажеттілік, ал қалада тұратын жастар бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жатыр. Мысалы, былтыр ғана ашылған «Oskemen IT-hub» орталығында балалар мықты оқытушылардан білім алуда. Өкінішке қарай, ауыл жастары үшін мұндай мүмкіндіктер әлі шектеулі, - дейді ол.

Қазір ақпараттық технологиядан хабары бар әрбір қазақстандық күніне кемінде 100 минут уақытын интернетке жұмсаса, сарапшылардың есебінше, смартфон иелерінің 60 пайызы мобильді интернетті өте белсенді пайдаланады. Ақпараттық қосымшалардың арқасында адамдар күнделікті тұрмысын өз уақыты мен ыңғайына икемдеуге әуес. Инновациялардың көмегімен күрделі іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін уақыт тығыздығы, жер қашықтығы деген ұғымдар кедергі болудан қалып бара жатқаны да рас.

Дидар Мұратұлының айтуынша, қазір жастардың IT саласына қызығушылығы жоғары. «Жастардың көбі компьютерлік техниканы жетік меңгеріп, IT білім алуға ұмтылуда. Шығыс Қазақстанда да көптеген IT курстар мен мектептер жұмыс істеп жатыр. Мысалы, ШҚТУ мен облыс әкімдігі бірігіп ашқан «Astana Hub» орталығында балаларға тегін курстар өткізіліп жатыр», - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, аймақтық «Oskemen IT-hub» алаңында жас таланттар түрлі жаңа бағыттарды меңгеріп жатыр. Әсіресе, 3D модельдеу мен виртуалды көзілдірікке арналған бағдарламалар жасау бойынша жобалар белсенді түрде дамуда. IT маман атап өткендей, қазіргі уақытта «Oskemen IT-hub» алаңында жастар жаңа GameDev бағытында да жұмыс істеп жатыр. «Бұл жобалар арқылы жас программистер үлкен деңгейдегі жобаларға көшуді үйренуде», - дейді ол.

Дидар Мұратұлының басты мақсаты – Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған IT-мәдениетін қалыптастыру. «IT-hub алаңында біз жастарға IT білімдерін шыңдауға бар мүмкіндікті жасауға тырысамыз. Барлық университеттерден мықты оқытушыларды шақырып, аймақтағы стартаптарды дамытуға көмектесеміз. Бұл жобалар облыс деңгейінде ғана емес, республика деңгейінде де маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс», — дейді ол.

Шығыс Қазақстанда «Oskemen IT-hub» орталығының ашылуы туралы сұраққа Дидар Мұратұлы былай деп жауап берді: «Бұл жобаның бастамасы Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен және Astana Hub-тың ұсынысымен туындады. Astana Hub — халықаралық стартаптарды дамыту технопаркі. Олар былтыр бүкіл Қазақстан бойынша 13 аймақтық IT хабын ашты. Орталықтың ашылуына облыстың цифрландыру және архивтер басқармасы мен ШҚТУ да қолдау көрсетті».

Дидар Мұратұлы орталық ашылғаннан кейінгі алғашқы нәтижелерге тоқталды: «Біз бір жыл ішінде Шығыс Қазақстан бойынша 18 стартапты Astana Hub-тың инкубациялық бағдарламасына енгіздік. Бұл жобалар Астананың мықты трэктері мен менторларының көмегімен жүзеге асуда. Әр жобаға инвестор табылып, оларды республикалық және әлемдік деңгейде дамытуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар, хабтың өзінде мықты IT мамандарын даярлап жатырмыз», — дейді ол.

Дидар Мұратұлының пікірінше, жастардың қазіргі кезде IT саласында білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп жатқандығы – еліміздің болашағына жасалған маңызды қадам. «Егер жастар қазірден бастап жаңа технологияларды үйреніп, дамыта білсе, бұл елімізге үлкен үлес қосары сөзсіз», — деп түйіндеді ол.

Осылайша, Дидар Мұратұлы мен оның әріптестері жастарға IT білімдерін беру арқылы, аймақта жаңа технологиялар саласындағы мәдениетті қалыптастыруға үлкен үлес қосып келеді. Олардың жұмысы — тек жергілікті жастар үшін ғана емес, тұтастай еліміз үшін маңызды.

Президент қойған жасанды интеллектіні дамыту міндеттерін іске асыру аясында салалық заңнаманы жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Келер жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас таланттарды тарту нүктесіне айналуға тиіс. Цифрлық даму министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау басым міндет болып табылады. Astana Hub-та үздік халықаралық тәжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне Astana Hub-пен және өңірлік хабтармен өзара тығыз байланыса отырып, одан әрі даму және оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Осы ретте оқу бітірген мамандардың санын көбейту мақсат емес, олардың даярлық сапасына баса назар аудару қажеттігі аталып өтті. Үздік әлемдік әдістемелерді назарда ұстап, цифрлық білім мен дағдыларды арттыру тәсілдерін үнемі жаңартып тұру маңызды.

Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бұл мәселелерге әкімдіктер тарапынан тиісті көңіл бөлінуі тиіс. Салалық министрлікке өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, Astana Hub-ты дамыту, өңірлік хабтарды қолдау және IT саласында экспортқа бағытталған бағыттарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды қолдау жүйесіндегі тәсілдерді жаңарту тапсырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу