KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ғылым мен өндірісті ұштастыру – заман талабы

Фото: pexels.com

7.12.2024, 17:30 17 Гульжан Мусина

Ғылым, бизнес пен өндірістің ұштасуы жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл – тұрақты дамуды және жұмыс процестері мен жабдықтарды жаңғыртуды қажет ететін сала.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру, импортты азайтып, инфрақұрылымды жаңғырту және минералдық-шикізат кешенін дамыту маңызды екенін атап өткені белгілі. Осы орайда білім деңгейін арттыру, инновацияларды ынталандыру, ғылыми зерттеулердің сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң – іс жүзінде ғылыми экономиканы қалыптастырудың негізі. Аталған құжатта бюджет қаражатын ғылымға біркелкі бөлу, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңарту және бизнесті ғылымға инвестиция салуға ынталандыру қағидаттары көрсетілген.

- Еліміз бизнесті ғылымға негізделген өнімге ынталандыруға қадам басуда. Заңнамада қолжетімді озық технологияларды енгізу бойынша қатаң талаптар пайда болды. Сондықтан компаниялар қаласын-қаламасын өндірісті жаңғыртуына тура келеді. Алдыңғы қатарлы озық технологияларға инвестиция салу үшін салықтық жеңілдіктер де қарастырылған, - деді Асылхан Бибосынов Ғылым комитеті төрағасының орынбасары.

Сарапшылардың айтуынша, өнеркәсіптік сектордың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған зерттеулер оның әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қазіргі уақытта ел экономикасы климаттың өзгеруі мен ресурстарды қарқынды пайдаланудан бастап жаһандық бәсекелестіктің артуы мен технологиялық өзгерістердің жылдам қарқынына дейінгі көптеген сын-қатерлерге тап болып отыр. Оларды жеңу үшін және тұрақты инновациялық даму үшін кешенді шаралармен қатар ғылыми қауымдастық пен бизнестің бірлескен жұмысы қажет екендігі баса айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екенін айтқан болатын. Жасанды интеллект технологиялары – ғылыми-технологиялық дамудың перспективалы бағыттарының бірі. Ол күрделі мәселелерді шешуге және өндірістік процестерді оңтайландыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі осы саладағы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдап, тәжірибе алмасу үшін халықаралық ынтымақтастықты белсенді қолдап отыр.

Былтыр Астанада өткен Digital Bridge форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге арналған үш орталық құру жоспары жайлы айтқан.

Қазір елімізде үш университет жасанды интеллект саласына маманданған. Атап айтсақ, Қорқыт ата университеті базасында Сеул Ғылым және технология ұлттық университетімен Жасанды интеллект мектебін құру бойынша серіктестікке қол қойылды. Сондай-ақ қараша айында Гонконг қалалық университеті мен Сәтбаев университеті арасында екінші Жасанды интеллект мектебін құру туралы келісім жасалды. Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Industrial AI» құзыреттілік орталығын және жасанды интеллектіні өнеркәсіптік компанияларда пайдалану бойынша Smart Driving Technologies инжинирингтік орталығының құрылысы басталған болатын.

2023 жылы қазанда Президент жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет екендігін айтқан. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдайды.

- Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін, – деді Президент.

Жалпы, 2026 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы шешімдер нарығы жыл сайын 18,6 пайызға өсім көрсетіп отырады.

Президент бұған дейін Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу деген еді.

- 2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өссе, IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Қазақстанның басты мақсаты – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса түседі, – деді Президент.

Жақында бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

- Жасанды интеллект тұжырымдамасы қабылданды. 2030 жылға қарай жасанды интеллектіні қолдану арқылы жаһандық ішкі жалпы өнім 14%-ға артуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Премьер-министрі 5 жылда жасанды интеллект арқылы жасалған өнімдер санын 5 есе өсіру керек,-деді. Үкімет отырысында тұжырымдама қабылданып, инфрақұрылым құру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, суперкомпьютерді іске қосу үшін тіл моделін әзірлеу және Ұлттық жасанды интеллект платформасын ашу мәселесі пысықталды. Бұған дейін Президент стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырған еді. Заң жобасы Мәжілісте жатыр. Ал саланы дамыту үшін білікті мамандар қажет. Демек білім беру бағдарламаларының, жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы тиіс. Бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді, - деді Олжас Бектенов.

Бүгңндн облыста 20-дан астам ғылыми ұйым жұмыс істейді. Облыс ғалымдары перспективалық бағыттарды зерттеп, жаңа технологияларды әзірлеуді жалғастыруда.

Іргелі және қолданбалы ғылымды мемлекет белсенді қолдайды, аймақтық бизнес зерттеуге қаражат салады. Облыста машина жасау, металлургия, жаңа материалдар жасау салаларында ауқымды жобалар сәтті іске асырылуда. Қазірдің өзінде ШҚТУ-дың жалпы табысында ғылымның үлесі 33%-ды құрайды – бұл әлемдік жоғары оқу орындарының деңгейі.

Университет пен бизнес серіктестігі

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина университеттің кәсіпорындармен және шетелдік серіктестермен ынтымақтастық мәселелеріндегі тәсілдері мен тәжірибесі туралы айтып берді.

Оның айтуынша, өткен жылы жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданып, онда саланы жаңғырту, инновациялық дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен бағыттар айқындалған.

Университетте Үлбі металлургия зауыты, Казцинк және тағы да басқа жетекші кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 20-дан астам білім бағдарламасы, көлік, көлік техникасы және технологиялар, цифрлық агрожүйелер сияқты бағыттар бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламалары құрылған.

- Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру 3,5 есе ұлғайғандықтан, жобалар саны күрт өсіп, университеттегі ғылым бюджеті үш есе өсті. Егер 2021 жылы ол шамамен 600 миллионды құраса, биыл ол екі миллиардтан асты. Нәтижесінде, университет базасында «bi ANGAR» бизнес-инкубаторы, технологияларды коммерцияландыру кеңсесі құрылып, Астана хабымен және облыс әкімдігімен бірлесіп IT Hub ашылды. «Технологиялық кәсіпкерлік» магистратурасының халықаралық білім бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, - деді Сәуле Рахметуллина.

ШҚТУ алаңында ғылыми-өндірістік база құрылып, импланттардың 20-дан астам түрін дайындау технологиясын жасады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Тау-кен металлургия саласы үшін жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және тау-кен металлургиялық кешені компанияларының негізгі (барлау, өндіру, байыту, металлургия) және қосалқы (энергетика, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, экология) процестері үшін кешенді бағдарламалық-аппараттық шешімдерді енгізу үшін «Industrial AI» құзыреттілік орталығын құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба серіктестері - Рейтинг, Фраунхоффер өндірістік жүйелер институты (Германия), Райнер Лемуан институты (Германия) және Тяньзинь университеті.

Енді бір жоба - қытайлық серіктестер қаржыландыратын SMART  DRIVING TECHNOLOGY орталығын құру. Оның мақсаты - AI технологиясын, спутниктік навигация, телеметрия және Big Data технологияларын автокөлік ағынын реттеу, пилотсыз басқаруда және смарт жолдарды құруда қолдану.

Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, тау-кен металлургия кешені компанияларының өкілдері үшін қызықты болатын тағы бір маңызды жоба - металлургия, пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру. Бұл институттың құрылтайшылары ШҚТУ және Қазақстан-Неміс университеті. Консорциумға Фрайберг тау-кен академиясы, Клаусталь, Бохумдағы Рур университеті сияқты Германияның жетекші университеттері кіреді. Бұл жобаны Германияның Білім министрлігі тарапынан қаржыландыру, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан да қолдау жоспарланып отырғандығы айтылды.

Жобаның негізгі мақсаты – бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сапалы кадрлар даярлау және инновацияларды дамыту.

                                      Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу