Зиянкестермен күресте өнім сапасы мен құрамы жапа шекпеуі тиіс - ШҚО әкімі
Әкімдік отырысында қозғалған басты тақырып - өңірдегі фитосанитариялық қауіпсіздік жөнінде болды. Мамандар айтуынша 2025 жылы 22,4 мың га аумақта аса қауіпті зиянкестер мен аурулардың таралуы ықтимал. Оның ішінде шегіртке зиянкестері – 13,9 мың га құрайды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы себепті алдын алу шараларына барынша күш жұмсалуда. Келесі жылға арналған саяқ шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңделетін аумақтың болжамды көлемі 26,585 мың га құрап отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова мәлім етті.
Әкімдік отырысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев баяндамашы мәліметіндегі Алтай, Шемонаиха аудандарының химиялық препараттарды көп пайдаланатыны туралы дерекке назар аударды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджыбекова облыс аумағында үйірлі (азиялық шегіртке, итальяндық прус) және саяқ шегіртке түрлері таралатынын атап өтті.
Жиында Ермек Көшербаев шегірткелермен күресу мәселесі жазық дала мен жоталары көп Тарбағатай ауданында қалай шешілетінін де сұрады. Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев өз кезегінде “Тарбағатай ауданында биыл шегірткелердің көбеюі байқалды” деп жауап берді. Ал құзырлы басқарма басшысы Ажар Қаджыбекова бұл тұрғыда келесі жылы Тарбағатай ауданындағы шегірткелермен күрес жұмыстарына жеңіл авиация құралдары тартылатынын жеткізді.
Әкімдік отырысында Ермек Беделбайұлы қала және аудан әкімдері, ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, 2025 жылы саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тұрғыда ақпараттандыру да аса маңызды екеніне тоқталған аймақ басшысы өңірдің бас медиа-орталығына халық арасында тұқым егілгеннен өнім алғанға дейінгі қадамдар ашық әрі түсінікті баяндалатын бейнероликтер түсіріліп, таратуға атсалысуға шақырды.
Ажар Мұратқызы