KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
499.04 544.45 5.96

Қазақстан көлік саласының тұрақты дамуы: биылғы жетістіктер мен болашақ жоспарлар

Фото: pexels.com

27.12.2024, 11:40 1 082 Гульжан Мусина

Қазақстанның көлік саласы 2024 жылдың алғашқы он бір айында айтарлықтай дамып, саладағы көрсеткіштер тұрақты өсуін сақтап келеді. Елдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданып, биыл бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Бұл шаралар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, көлік қызметінің көлемін ұлғайтуға және халықтың тасымал қызметтеріне қолжетімділігін жақсартуға бағытталды.

2024 жылы елімізде 12 мың шақырым жолға жөндеу және реконструкция жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралардың ішінде Қарағанды – Алматы (879 км), Талдықорған – Өскемен (768 км), Ақтөбе – Қандыағаш (96 км), Атырау – Астрахань (212 км) сияқты негізгі төрт автомобиль дәлізін жаңғырту жұмыстары ерекше маңызды орын алады. Қазір бұл жолдарда жаңа асфальт төсемімен қозғалыс ашылған, бұл тасымалдаушылар мен жолаушылар үшін сапалы әрі қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Биыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланған болатын. Соған сәйкес облыста атқарылатын жол жөндеу жұмыстарының көлемі де, бөлінетін қаржысы да былтырғымен салыстырғанда екі есе артты. Барлығы жүзден астам жоба іске асырылды.

Шығыс Қазақстандағы жол инфрақұрылымы жақсарып, шұрық-тесік жолдардың біраз бөлігі жамалып, көлік жүргізушілері үшін жағдай айтарлықтай жеңілдеді. Бұл жұмыстар облыстың экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, өйткені өңірдің көлік жүйесінің жақсаруы жүк және жолаушылар тасымалын оңтайландырып, халықаралық деңгейде бизнес пен сауданың дамуына жағдай жасайды.

Бұған қоса, шетелдік рұқсат бланкілерін электрондық форматқа көшіру және оларды беру мерзімін қысқарту сияқты реформалар да жүзеге асырылды. Аталған шаралардың нәтижесінде отандық тасымалдаушылардың мүдделері қорғалуда, ал рейстердің саны артуда. Мысалы, Өзбекстанмен жасалатын тасымалдар саны 5 мыңнан 33 мыңға дейін, ал Қытаймен 50 мыңнан 230 мыңға дейін өсті.

Қазақстанның қоғамдық көлік паркі де жаңаруда. Соңғы екі жылда 3 267 жаңа автобус сатып алынып, оның нәтижесінде қоғамдық көліктің тозу деңгейі 40%-дан 30%-ға дейін төмендеді. Бұл халықтың тасымал қызметтеріне қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Сондай-ақ, теміржол инфрақұрылымында да елеулі өзгерістер орын алды. 1 401 шақырым теміржол желісі жөнделіп, 185 локомотив, 1 500 жүк және 143 жолаушы вагоны сатып алынды. Осы шаралардың арқасында теміржол тасымалының тиімділігі мен қауіпсіздігі артты.

Қазақстанның авиация саласында да оң өзгерістер байқалады. Биыл қазақстандық әуе компаниялары 10 жаңа ұшақ сатып алып, тасымалдау сыйымдылығын 7%-ға арттырды. Халықаралық әуе маршруттары желісін кеңейту бойынша да бірқатар шаралар қолға алынды. Әуе бағыттары 22 жаңа бағытпен толықты, ал Алматы мен Қызылорда қалаларындағы жаңа терминалдардың құрылысы аяқталды. Шымкент әуежайындағы жұмыс та жақында толық аяқталады. Әуе көлігін дамыту аясында келесі жылы әуе кемелерінің паркі 18 ұшақпен толықтырылады.

Қазақстанның көлік саласының дамуында халықаралық транскаспий дәлізінің маңызы зор. 2024 жылдың 11 айында аталған дәліз арқылы тасымал көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті. Контейнерлік тасымалдардың көлемі екі есеге артса, оның ішінде Қытайдан келетін транзит 26 есеге ұлғайды. Бұл көрсеткіштер еліміздің транзиттік әлеуетін көрсетеді және халықаралық көлік жүйесінде Қазақстанның стратегиялық рөлін нығайтады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Көлік және қоймалау» саласындағы нақты көлем индексі (НКИ) 108,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жоспарлы деңгейден 0,1%-ға жоғары. Көлік қызметінің жалпы көлемі 7,7 трлн теңгені құрап, 13%-ға өсті. Саладағы өсу жүк тасымалының көлемінің артуымен байланысты. 2024 жылдың 11 айында жүк тасымалы 977,3 млн тоннаны құрап, 9,2%-ға артты. Оның ішінде автомобиль көлігімен жүк тасымалы 19,8%-ға, теміржол көлігімен тасымал 2,6%-ға өсті. Транзиттік жүк тасымалы да 6,1%-ға артып, контейнерлік транзит 8,7%-ға көбейді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласының нақты көлем индексі 108,3%-ды құрайды деп күтілуде. Бұл үшін теміржол көлігімен 422,8 млн тонна, автомобиль көлігімен 316 млн тонна жүк тасымалы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалы 10%-ға өсуі жоспарлануда, әсіресе мереке күндерінде халықтың көлік қызметтеріне сұранысы артады.

Алдағы уақытта көлік саласындағы даму жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. 2025 жылы Қызылорда – Жезқазған, Қалбатау – Майқапшағай жолдары жаңғыртылып, жаңа жобалар басталады. Бұл жолдар 4 жолақты қозғалысқа көшіріледі. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін 36 автокөлік өткізу бекетінің кезең-кезеңімен жаңғыртылуы көзделіп отыр.

2024 жылы Қазақстанның көлік саласы үшін тағы бір маңызды жоба – әуе рейстерін кеңейту. Шанхай, Рим, Марокко, Будапешт, Рига, Вена және Мюнхен бағыттарында жаңа әуе рейстері ашылмақ. Бұл шаралар елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қазақстан көлік саласындағы реформалар мен жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып, еліміздің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Жолдардың, теміржол желілерінің, авиацияның және халықаралық транскаспий дәлізінің дамуы еліміздің көлік жүйесін тиімдірек етіп, Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту және дамыту жоспарлары еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдаланып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу