Самар ауданында жол инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүруде
Фото: pexels.com
Биыл Самар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Бұл жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталды. Аудан аумағындағы жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 1 309,3 млн теңге бөлініп, 11 жоба аясында 29 шақырым жол жөнделді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жолдарды жаңарту жұмыстары бірнеше ірі жобалар арқылы іске асырылды. Атап айтқанда, жалпы құны 763,4 млн теңгені құрайтын бес жоба аясында 18,7 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде Новостройка ауылындағы жолдың 0-2 шақырым аралығына орташа жөндеу жүргізіліп, бұл жұмысқа 105,6 млн теңге бөлінді. Караөткел ауылындағы 0-4,8 шақырымдық жолды жөндеуге 260 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар, Самар ауылының көшелерін жаңарту үшін 297,8 млн теңге, Мариногорка ауылындағы көшелерге 50 млн теңге, Сарыбел ауылындағы көшелерге тағы 50 млн теңге бөлінді.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында да бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Облыстық бюджеттен 545,9 млн теңге бөлініп, оның ішінде ішкі ауылдық жолдарға арналған орташа жөндеу жұмыстарына 441,9 млн теңге бағытталды. Бұл жоба аясында Бастаушы ауылында 2,5 шақырым жол жөнделіп, оған 96,4 млн теңге жұмсалды. Аққала ауылында 0,8 шақырымдық жолды жөндеуге 44,6 млн теңге қарастырылды. Құлынжон ауылындағы 3,8 шақырымдық жолды жаңарту жұмыстары 132,4 млн теңгеге жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, Көкжота мен Көкжыра ауылдарындағы өтпелі жобалар да ерекше назарға алынды. Көкжота ауылындағы 2,2 шақырым жолды жөндеуге 88,6 млн теңге бөлініп, оның 47,1 млн теңгесі 2024 жылы игерілді. Ал Көкжыра ауылындағы 2,1 шақырым жолды жөндеу үшін 79,9 млн теңге қарастырылып, 54,3 млн теңгесі ағымдағы жылы игерілді. Бұған қоса, Көкжыра ауылына кіреберіс 0-2 шақырымдық жолды орташа жөндеуге 104 млн теңге бөлініп, бұл жоба да табысты аяқталды.
Аймақтық маңызы бар жолдарды жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде, Өскемен – Тарғын – Самар автомобиль жолының 133-145 шақырым аралығын орташа жөндеуге 603,1 млн теңге бөлінді. Бұл жоба аудан мен облыс арасындағы көлік қатынасын жақсартуға үлкен үлес қосады.
Жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде аудан мен облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйде болу көрсеткіші 67,9%-дан 86%-ға дейін артты. Мұндай көрсеткіштер жол инфрақұрылымын дамытудың қаншалықты маңызды екенін айқын дәлелдейді.
2024 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашты. Жолдардың сапасының жақсаруы ауылдық жерлердегі көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға септігін тигізді. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Самар ауданы үшін жол инфрақұрылымын дамыту тек қана көлік қатынасын жақсарту емес, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық бағыт. Жоспарланған жобалар мен олардың табысты жүзеге асуы ауданның болашағы үшін сенімді қадамдар жасалып жатқанын көрсетеді.
Ержан Әбіш