KZ
Өскемен
-3°
ясно жел 1 м/с, С
497.89 525.12 5

Қазақстан көлік желісін ауқымды жаңғыртуға кіріседі

pexels.com

Бүгін, 15:30 28 Гульжан Мусина

Қазақстан алдағы жылдары тасымалдау көлемінің айтарлықтай өсуін күтуде. Болжам бойынша, экспорттық теміржол тасымалының көлемі 130 миллион тоннаға дейін, ал автомобиль транзиті алты есе артады. Бұл туралы Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі бойынша Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады.

Еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, олардың 5-еуі теміржол, 8-еуі автомобиль дәлізі. Осы дәліздердегі инфрақұрылымдық «кедергілерді» жою және жүктердің жедел өтуін қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдер енгізіліп, жеткізудің жаңа бағыттары пысықталуда.

– 2030 жылға дейін «Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізінің өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.

– 2027 жылға дейін 1,3 мың шақырым жаңа теміржол салынады. «Достық» стансасының өткізу мүмкіндігі 35 млн тоннаға дейін арттырылып, Алматы және Сарыағаш стансаларында жүк тасымалы уақыты қысқартылады.

2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолға жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2,8 мың шақырымы қазірдің өзінде аяқталды. Сонымен қатар:

Құрық порты арқылы жүк тасымалын арттыру үшін астық терминалы іске қосылады;
Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлесіп, «Саржа» теңіз терминалының құрылысы басталды. Бұл Қазақстан порттарының өткізу мүмкіндігін жылына 30 млн тоннаға дейін арттырады.

2027 жылға дейін 12 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланады. Оның 7 мың шақырымы 2024 жылы аяқталады. Жоспарға төрт негізгі автодәлізді қайта жаңарту кіреді.

2029 жылға дейін 36 өткізу пунктін жаңғырту көзделген. 2025 жылы алтауы бойынша жөндеу жұмыстары басталады.

Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобасы елдің транзиттік және экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып, халықаралық саудадағы маңызын нығайтады. Логистикалық шешімдердің тиімділігі жүк тасымалының үздіксіздігі мен жылдамдығын қамтамасыз етіп, елдің экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу