Шығыстың дарынды балаларына арналған мерекелік ғажайып
24 желтоқсан күні Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасы өтті. Бұл мерекеге өңірдің әр түкпірінен оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен 9 бен 13 жас аралығындағы 150 бала қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жас таланттарды облыс әкімі Ермек Көшербаевтың атынан құттықтап:
Жаңажылдық шарада балаларға сиқырлы саяхат ұйымдастырылып, олар әйгілі мультфильмдер мен халық ертегілерінің кейіпкерлерімен жүздесті. Мерекенің басты қонақтары – Аяз ата мен Ақшақардың қатысуы мерекелік кештің көркін аша түсті.
Ерекше шара аясында балалар Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің атынан 150 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат, жұмсақ ойыншықтар және тәтті сыйлықтар алды. Бұл сыйлықтар дарынды балаларды қолдауға арналған игі бастамалардың бір көрінісі болып табылады.
Шығыс Қазақстан өңірінде жас таланттарды қолдау – басым бағыттардың бірі. Облыс әкімдігінің бастамасымен балалардың білім мен өнерде, спорт пен ғылымда жетістікке жетуіне барлық жағдай жасалып келеді. Жаңажылдық шырша мерекесі де осы мақсаттағы қолдаудың жарқын үлгісі.
Балалар мерекеден ерекше көңіл күймен тарқасты. Олар алған сыйлықтар мен көрсетілген қамқорлық үшін алғыстарын айтып, жаңа жылда армандарының орындалатынына сенім білдірді.
Серік Құсанбаев
Фото: Аяужан Утеулинова