Жаңажылдық қуаныш: Шығыста Президент шыршасы өтті (Видео)
[media=https://youtu.be/3Qkr7plfo7c]
Бүгін Өскемендегі «Жекпе-жек» сарайында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың қатысуымен «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Президент шыршасы өтті. Бұл мерекелік іс-шараға шығыс өңірінен 200-ге жуық бала шақырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған шыршаға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндер, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар қатысты.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев мереке қонақтарын құттықтап, балаларға 150 000 теңгелік сертификат пен тәтті-дәмділер, жұмсақ ойыншықтар табыстады. Бұл жаңажылдық сыйлықтар балалардың көңілін көтеріп, жақындарын қуантуға мүмкіндік беретін ерекше тарту болды.
Ақшалай сертификатпен қоса, әрбір қатысушыға ел Президентінің атынан тәтті-дәмділер мен жұмсақ ойыншықтар әзірленіпті. Мәдени-ойын сауық бағдарламасының шеңберінде ортаға Аяз Ата мен Ақшақар шығып, мерекелік кештің көрігін одан сайын қыздыра түсті. Балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге ғажайыптар пен сиқырлар әлеміне саяхат шегіп, әйгілі мультфильмдер және халық ертегілерінің кейіпкерлерімен жүздесті. Көпшіліктің сұрауымен Ермек Беделбайұлы салтанатты түрде шырша жағу рәсімін өткізді. Жаңажылдық шыршаның қонақтары көтеріңкі көңіл-күйде әндер айтып, би биледі. Президент шыршасына Марқакөл ауданынан келгендердің бірі – Аяла Темірғалиева.
Биыл айтулы іс-шараға Глубокое ауданынан 23 бала қатысты. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақыт Мухамадиеваның айтуынша, соның ішіндегі он бала – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім бала.
Балаларға арналған мәдени ойын-сауық бағдарламасы шеңберінде, мерекелік кеш қатысушылары Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында «Алтын балапан» жаңажылдық спектаклін тегін көрді. Атап өтелік, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Президенті мен облыс әкімі шыршасына жалпы саны 450-дей бала қатысады. Президент шыршасынан кейін білім алу қажеттіліктері шектеулі балаларға арналған шырша өтеді.
Арайлым Орсаринова
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай