KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 2 м/с, СШ
502.83 545.37 5.95

Шығыс Қазақстанның Абай атындағы  колледжінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында студенттермен кездесу өтті (ВИДЕО)

26.12.2024, 11:45 760 Төлеуғазы Жансая

Бүгін Шығыс Қазақстан Абай атындағы гуманитарлық колледжінде студенттермен кездесу өтті. Іс-шара экологиялық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл кездесу аймақтың экологиялық мәселелерін шешуге мүдделі белсенді жастар мен тәжірибесі мол сарапшыларды бір ортаға жинады.

Кездесуге «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының» жетекшісі Елена Березинская-Абилова мен облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ермек Асқаров қатысты.

– Облысымыздың барлық аудандары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді түрде қатысты. Біз жағажайларды тазалауға ерекше көңіл бөлдік. Ертіс пен Үлбі өзендерінің, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалауларынан мың жарым қап қоқыс жиналды. Бүгінгі жастармен кездесуіміздің басты мақсаты – олардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы арқылы болашақта олар жазғы демалыста ауылдарына барып, біздің волонтерлер мен экосақшылар қозғалысына қосылып, туған жерлерінің тазалығын ерікті түрде сақтауға атсалысады деп сенеміз, – деді Ермек Асқаров.

Спикерлер экологияның өзекті мәселелерін, соның ішінде қоршаған ортаның ластану мәселелерін және «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын талқылады. Олар сәтті жүзеге асырылған экологиялық бастамалардың нақты мысалдарын келтіріп, жастарды табиғатты қорғау бағдарламаларына тарту бойынша ұсыныстар берді.

Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды азайту және жастардың экологиялық акцияларға қатысуы сияқты маңызды мәселелер қарастырылды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша идеяларын ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша көптеген студенттер экологиялық жобаларға волонтер ретінде қатысуға және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға өз үлестерін қосуға дайын екенін білдірді. Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтіп, экология саласындағы елеулі өзгерістерге тек бірлескен күш-жігермен қол жеткізуге болатынын айтты.

Бұл шара Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жауапты қоғам құру жолындағы кезекті маңызды қадамға айналды.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу