ШҚТУ ұжымы ғылым саласына жарты ғасырын арнаған ұстазды ұлықтады
Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ұжымы университет доценті, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Лилия Столярованың 85 жылдық мерейтойын ерекше құрметпен атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әріптестерінің айтуынша, инженерлік бағытта білім алып жүрген студенттерді өзінің шешендігімен ұйыта білген мықты лектор Лилия Викторовна болашақ мамандардың жан-жақты дамуына, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлкен мән берген. Ол - 150-ден астам ғылыми және әдістемелік жұмыстардың авторы.
Лилия Столярова 1961 жылы Томск мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығын аяқтағаннан кейін Өскемен құрылыс-жол институтында кафедра ассистенті ретінде еңбек жолын бастап, әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі проректор, ректордың кеңесшісіне дейінгі жолдан өтті.
Шара барысында мерейтой иесіне ақжарма тілектерін білдірген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Любовь Сергиенко, экономика ғылымдарының докторы, профессор Юрий Баталов, филология ғылымының кандидаты Жақсыгелді Нәзбиев және тағы да басқа әріптестері оның бойындағы ұстаздық қасиетімен қатар ашық-жарқын, ақылшы, тәлімгер, принципшіл, талапшыл және даналығымен жастарға үлгі екендігін айтты.
ШҚО Достық үйінің басшысы Эльдар Төлеубековтің айтуынша, 90-шы жылдары ел Тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде Лилия Столярова бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі бастамашылардың және стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеудегі сарапшылардың бірі болған.
Белсенді кәсіби және қоғамдық қызметі үшін Үкімет тарапынан «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалдарімен және «ҚР Білім беру үздігі» белгісімен марапатталған.