Шығыс Қазақстанда су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізілді
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкіміне сәйкес, 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар облыста қар шығару жұмыстарын жалғастырып, 156 мың текше метрден астам қарды тазартты. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу үшін дайындалған техникалық және материалдық ресурстар саны айтарлықтай артты. Су тасқыны қаупі жоғары болған кезеңде облыста жедел әрекет ету үшін 2511 адамнан тұратын жеке құрам, 242 мотопомпа, 46 жүзу құралы мен 800-ден астам техника топтастырылды. Бұдан бөлек, 64 мың дана қап, 9323 тонна инертті материалдар және 263 тоннадан астам жанармай дайындалды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға көктемгі су тасқынына дайындалуды ұсынып, аула аумақтарын қардан тазарту және арықтарды мұздан босату жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.
Төтенше жағдайлар кезінде 112 телефонына шұғыл хабарласыңыз.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі