KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
521.6 534.27 5.25

Өскеменде көру қабілетін сақтап қалуға бағытталған инновациялық ота жасалды

Бүгін, 14:30 53 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесінде 3-5 ақпан күндері астаналық нейрофизиолог Ольга Агиеваның қатысуымен шеберлік сабағы өтіп жатыр. Бүгін 40 жастағы науқастың басындағы ісікке нейромониторинг аппаратының бақылауымен ота жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бұл операцияның ерекшелігі – ол нейромониторинг аппаратының көмегімен жүргізіледі. Бұл құрылғы ота кезінде нерв талшықтарын бақылай отырып, олардың зақымдануынан сақтайды. Мысалы, нейрохирург операция барысында нерв талшықтарына тым жақындап кетсе, нейрофизиолог құрылғы арқылы сигнал береді және қауіпті әрекетті тоқтатуды ескертеді. Бұл соқырлық сияқты операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға көмектеседі, — деп түсіндірді орталықтың инновациялық медицина бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы, нейрохирург Мұхтар Қорабаев.

Күршімдік науқас көру қабілетінің нашарлауына байланысты ұзақ уақыт бойы шағымданып жүрген. Алғашында ота жасатудан бас тартқанымен, кейін келісімін берген.

– Операцияның ұзақтығы оның күрделілігіне байланысты екі сағаттан төрт сағатқа дейін созылуы мүмкін. Бұған дейін де осындай оталар жасадық, бірақ арнайы құрылғы болған жоқ. Нейромониторинг аппаратын 2024 жылы сатып алдық, содан бері оның көмегімен бес операция жасалды, барлығы сәтті өтті. Ең бастысы – асқынулар тіркелмеді, пациенттердің көру қабілеті сақталды, — деп жалғастырды Мұхтар Оразбайұлы.

Нейрохирургтың айтуынша, мидағы ісікке ота жасаған кезде нерв талшықтары зақымданса, науқастың қол-аяғының қимылы бұзылуы мүмкін. Бұл аппарат осындай асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

– Бүгін тағы бір операция жоспарланған. Ол – аз инвазивті әдіспен, наркозсыз және тіліксіз жасалады. Операция барысында біз ісікті қоректендіретін қан тамырларын жауып, оның өсуін тоқтатамыз, — деп қорытындылады ол.

Бұл заманауи құрылғы нейрохирургиядағы қауіпсіздікті арттырып, күрделі оталардың нәтижесін жақсартуға мүмкіндік бермек.

Айна Ескенқызы
Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу