Науқастың бүйрегін сақтап қалды
ШҚО мамандырылған медициналық орталығының ангиохирургтары сирек кездесетін отаны жасап, науқастың бүйрегін сақтап қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
65 жастағы өскемендік Еркінбек Бостанов облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың қабылдау бөліміне ішінің ауырып тұрғаны жайлы шағымданған. Медициналық мекеменің хирургтары іш қуысының аневризмасы бар-жоғын анықтау үшін пациентті облыстық аурухананың тамыр хирургтарына жібереді. Ангиорежимде жүргізілген КТ зерттеуі ер адамның бүйрек артериясының тромбозы бар екенін көрсетті.
-Облыстық ауруханада консилиум өткізіп, дәрігерлер науқастың бүйрегіндегі тромбты алып тастау үшін оны қайта бізге жіберді. Мұнда біз аортоартериография жасап, ұйыған қандарын (тромб) алып тастадық. Бұл медициналық көмек көп компонентті операция екенін айта кеткен жөн. Бүйректің қорытынды суретін түсірген кезде, бүйрек артериясының стенозы анықталды, тромб соның кесірінен пайда болған. Әрі қарай тромб болмау үшін стент орнатылды, - деп түсіндірді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың ангиохирургы Жасұлан Бегалинов.
Инновациялық медицина бөлімшесінің ангиохирургы Жасұлан Берікұлы атап өткендей, жоғары мамандандырылған операцияны сәтті жүргізудің нәтижесінде өмірлік маңызды органды сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Қазір пациент өзін жақсы сезінеді, инновациялық медицина бөлімшесінің дәрігерлері мен қызметкерлеріне науқастарға жанашырлықпен қарағаны және жұмыстағы жоғары кәсібилігі үшін ризашылығын білдірді. Бұл медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетілгенін айта кетейік.