KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
521.6 534.27 5.25

Ашық есік күндері мен скринингтер: Шығыста обырды ерте анықтау көрсеткіші артып келеді

Бүгін, 15:00 38 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтау деңгейі жыл сайын артып келеді. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары мен онкоорталық мамандарының белсенді қызметінің нәтижесі, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күнінде онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеу туралы қоғамның хабардарлығын арттыру маңызды мақсат болып табылады. Өңірде онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында бірнеше жүйелі шаралар іске асырылуда. Солардың бірі – тұрақты скринингтер. Белгілі жас санатындағы барлық ересек тұрғындар жоспарлы тексерулерден өтеді. Егер онкологиялық ауруға күдік туындаса, науқастар үшін арнайы "жасыл дәліз" ашылады, бұл олардың жедел диагностикадан өтіп, қажетті емді уақыт жоғалтпай алуына мүмкіндік береді.

Өткен жылы облыстың онкологиялық қызметі алғаш болып ауылдық жерлердегі әйелдерге арналған медициналық чек-ап бағдарламасын енгізді. Бұл шара аясында әйелдер ең жиі кездесетін онкологиялық ауруларға тексеріліп, бір күн ішінде дәрігерлік кеңестер ала алады.

Сонымен қатар, өңірдегі онкоорталықта тұрақты түрде Ашық есік күндері өткізіліп келеді. Бұл күндері тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық кеңестер алып, қажет тексерулерден өте алады. Мәселен, 8 ақпан күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау және алдын алу бойынша кезекті Ашық есік күні өтпек. Қала тұрғындары өздерімен бірге жеке куәліктерін алып барса жеткілікті. Мамандар Өскемен қаласындағы Потанин көшесі, 6-үйде қабылдайды (байланыс нөмірлері: +7 (7232) 48-91-51, +7 778 003-78-45).

Жоғарыда аталған барлық шаралар қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беріп, науқастардың сауығып кету мүмкіндігін арттыруда. ШҚО онкологтарының айтуынша, бүгінгі таңда қатерлі ісік – үкім емес. Облыстық онкоорталықта жоғары технологиялық операциялар жасалып, барлық қажетті емдеу және оңалту шаралары жүргізіледі. Білікті мамандар мен заманауи жабдықтар жетекші шетелдік клиникалар деңгейінде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұны халықаралық әріптестер де растайды. Олар тұрақты түрде ШҚО онкоорталығына келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибе алмасуда.

Айта кетейік, Өскемендегі онкологиялық орталық медициналық туризмді дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Орталықтың қызмет сапасы, заманауи палаталар және жоғары деңгейлі сервис шетелдік пациенттердің де қызығушылығын арттыруда. Бұл алдағы уақытта толыққанды медициналық туризм хабын құруға мүмкіндік ашып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу