Қатерлі ісікті ерте анықтау – өмірді құтқарудың басты амалы
Онкологиялық аурулар бүгінде жаһандық денсаулық сақтау саласының ең өзекті мәселелерінің бірі. Ғылым мен медицинаның қарқынды дамуына қарамастан, бұл дертке шалдыққандар саны азаймай отыр. Әлемдегі статистикаға көз жүгіртсек, қатерлі ісікпен күрес әлі де шұғыл әрі тұрақты шараларды талап етеді.
Қазақстан да бұл қауіпті сырқаттың кесірінен тыс қалмады. Елімізде онкологиялық есепте тұрған науқастар саны 200 мыңнан асқан. Жыл сайын шамамен 37 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Ең өкініштісі, бұл көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы қатарда тұр.
Облыста жыл сайын орта есеппен 2500 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Десе де облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина 2018 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуі байқалғанын айтып отыр. Дәрігерлер халықты скринингтен өтуді әдетке айналдыруға, қауіпті белгілерді уақытында байқап, тексеруден қорықпауға шақырады. Өйткені ерте анықталған сырқат – жартылай жеңілген дерт.
Күрделі дертпен күреске Үкімет тарапынан да қосымша шаралар қабылданған. Өткен жылы онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойылған болатын. Облыста да түрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – облыстық онкология және хирургия орталығында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ашық есік» күні.
Бұл шара аты жаман аурудың алдын алып, ерте анықтауға бағытталған. «Ашық есік» күнінде кез келген өңір тұрғыны МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан және терапевтің жолдамасынсыз орталықтың мамандарына қаралып, тегін кеңес ала алады. Сенбі күні ұйымдастырылған шара ішектің және әйелдердегі қатерлі ісіктің алдын алу бойынша өтті. Бұл күні орталыққа 130-дан астам адам келіп қатысқан.
Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау емдеудің ең тиімді әрі сәтті нәтижелерге жету жолы екенін дәрігерлер жиі айтады. Ерте анықталған қатерлі ісік дертінен емделу ықтималдығы 90%-дан жоғары болады. Алайда науқастардың көбісі өз денсаулығына дер кезінде назар аудармай, дертті кеш анықтап жатады.
Мамандардың пікірінше, қауіпті ісікті уақытында диагностикалауда скринингтік бағдарламалардың маңызы зор. Скринингтер науқастардың белгілі бір топтарын мерзімді тексеріп, аурудың алғашқы белгілерін анықтауға көмектеседі. Қазақстанда мемлекеттік деңгейде мұндай шаралар жүйелі түрде өткізіледі.
Колоректальды қатерлі ісік – Шығыс Қазақстандағы жетекші онкологиялық патологиялардың бірі. Анықталған жағдайлардың саны бойынша қатерлі ісік ауруларының барлық түрлерінің ішінде үшінші орында. Мәселен, 2023 жылы өңірде ішектің қатерлі ісіктерінің 245 жаңа жағдайы тіркелді.
Ақ халаттылардың айтуынша, аурудың алдын алу бойынша шаралардың маңызы зор. Себебі дерт ерте сатысында анықталса, емделуге де мүмкіндік жоғары болмақ.
Қатерлі ісіктің неден пайда болатынын қазіргі уақытта ешкім нақты дөп басып айта алмай отыр. Десе де, бұл дертті ерте анықтайтын түрлі диагностиканың бар екенін естен шығармаған абзал. Оның бірі – скрининг.
Әйелдер арасында ең кең тараған қатерлі ісіктердің бірі – жатыр мойны обыры. Негізінен бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер болатын көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде жасөспірім қыздар арасында кезең-кезеңімен адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды.
Аталмыш вакцинация қазір әлемнің 140 елінде міндетті болып табылады. Қазақстанда жатыр мойны ісігі әйелдерде кездесетін онкологиялық аурулардың арасында екінші орында тұр. Сол себепті екпе жүргізу мәселесі 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарға енгізілген. Бірінші кезеңде 11 жастағы жүз мың қызға екпе салу көзделіп отыр. Аталған кешенді жоспардың бес негізгі бағыты бар. «Қауіп факторларының алдын алу және басқару» бірінші бағыты бойынша онкологиялық сақтық және қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау және емдеуді уақтылы бастау үшін скринингтен өту қажеттілігі бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілетін болады.
Қатерлі ісік – үкім емес, оны ерте кезеңде анықтап, дұрыс ем қолданған жағдайда сырқаттан толық айығуға мүмкіндік бар. Әрбір адам өз денсаулығына мұқият болып, профилактикалық шараларға жауапкершілікпен қарауы қажет. Бұл – қауіпті дертпен күрестегі ең маңызды қадам.