Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағандарға миллиондаған сыйақы төленеді

pexels.com
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеу жүйесі қарастырылған. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды элементі, сол арқылы әрбір азамат елдегі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады.
Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында бес азамат сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін сыйақы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елімізде жең ұшынан жалғасқан құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру үшін көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілген. Сыйақы мөлшері нақты жағдайларға және азамат берген ақпараттың маңыздылығына байланысты. Көтермелеудің ең жоғары сомасы 4000 АЕК құрайды, бұл 2025 жылы 15,7 миллион теңгеге тең. Бұл қаражат сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлап, кінәлілерді жауапқа тартуға ықпал еткен ақпаратты бергендерге төленеді.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адам жайлы ақпарат - ол мемлекеттік құпия және жария етілмейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. Сол себепті азаматтар ақпарат беру үшін осы органға жүгінуі тиіс. Сондай-ақ, Антикордың 1424 байланыс орталығына хабарлауға және кеңес алуға болады. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жедел ден қоюға және қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау — бұл азаматтық міндет қана емес, сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін нақты көмек. Азаматтар өрт кезінде өрт сөндіру қызметіне, денсаулығына байланысты жедел жәрдемге, ал қылмыс кезінде полицияға қалай хабарласса, сыбайлас жемқорлық жағдайында Антикорға дәл солай жүгінуі қажет.
Әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды процесінің бір бөлігі бола алады және елдегі қоғамдық климатты жақсартуға көмектеседі.
Айна Ескенқызы