ШҚО-да ТЖ бойынша штаб отырысы өтті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. 1 ақпаннан бастап өңірде жоғары дайындық режимі жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты облыстағы су басу қаупі бар 72 аймақта бақылау күшейтілді.
Өңір басшысы қала, аудан әкімдеріне қажетті ресурстарды дайындап, өзендердегі су деңгейін бақылауды тапсырды. Жауапты қызмет өкілдері ТЖ кезіндегі іс-қимыл реті туралы егжей-тегжейлі нұсқау беруі керек.
Қазгидромет болжамы бойынша наурызда ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болмақ. Жағдай нашарлағанда су тасқынымен күресуге 2511 адам, 935 техника, 46 жүзу құралы, 242 мотопомпа жұмылдырылады. Ал азаматтарды эвакуациялау үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын 182 пункт белгіленді.
Жуықта облыстағы гидротехникалық нысандардың дайындығы тағы бір мәрте тексеріледі. Оларға күнделікті мониторинг жүргізілмек. Жедел штаб жағдайды толық бақылауға алды.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі