KZ
Өскемен
-10°
ясно жел 4 м/с, В
506.43 522.43 5.28

ШҚО-да тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді

Бүгін, 15:30 66 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында қар қорының мөлшері жылдағы орташа деңгейден жоғары болуына байланысты су тасқыны қаупі артып отыр. Осыған орай, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бірқатар кешенді шаралар қолға алынуда. Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтіліп, жоғары дайындық режимі енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Облыстың жазық аймақтарында қар қоры орташа көпжылдық көрсеткіштен асып отыр. Үлкен Нарын, Өскемен (Жаңа Ахмер), Ұлан, Глубокое және Марқакөл аудандарында топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Қар жамылғысының биіктігі 11-ден 136 см-ге дейін өзгеріп отырады. Таулы аймақтарда ең көп қар қоры Риддер, Алтай және Катонқарағай аудандарында жиналған, бұл көрсеткіш нормадан жоғары. Өзендердегі мұздың қалыңдығы 12-ден 77 см-ге дейін жетеді, – деді ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Қазгидромет» филиалы ШҚО бойынша гидрология бөлімінің басшысы Іңкәр Аскарова.

Наурыз айында ауа температурасы қалыпты деңгейден 2°С жоғары болады, ал жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден көп болады деп күтілуде.

Алдын ала бағалау бойынша, ШҚО су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қатарына кіреді. Дегенмен, гидрологиялық болжамдар күн сайын, апта сайын және он күн сайын нақтыланып отырады.

ШҚО жұмылдыру  дайындығын қамтамасыз ету және жұмылдыру қызметі КММ басшысы Рафик Симбиновтың айтуынша, алдын алу шаралары аясында бөгеттерді нығайту, арықтарды тазарту, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын тексеру жұмыстары атқарылуда. Құм салынған 64 мың қап, 9 мың текше метр инертті материал және 263 тонна жанар-жағармай қоры жасақталды.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазовтың мәлімдеуінше, 1 ақпаннан бастап өңірде облыс әкімінің шешімімен жоғары дайындық режимі енгізілді.

Су тасқыны жағдай күрделенетін болса, 2511 адам, 935 техника, 46 қайық және 242 мотопомпа жұмылдырылады. Қала және аудан әкімдіктері 21 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 182 уақытша эвакуациялау пунктін әзірледі.

Алдағы күндері жергілікті атқарушы органдар, ТЖД және басқа да сала мамандарының қатысуымен су тасқынына дайындық бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Су тасқынын алдын алу мақсатында Бұқтырма (Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағай аудандары), Күршім (Күршім ауданы), Үбі (Шемонаиха ауданы), Қалжыр (Марқакөл ауданы) өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі.

6-7 наурыз күндері ШҚО аумағында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтеді.

Құтқарушылар су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұратын халықты ескертіп, үйлерді аралап, нұсқаулық жүргізуде.

ШҚО ТЖД тұрғындарға алдын ала дайындық жасауға кеңес береді. Олар – ауладағы қарды тазалау, арықтар мен су ағатын арналарды мұздан арылту, құм салынған қаптар мен инертті материалдарды дайындап қою. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарлау қажет.

 

Ержан Әбіш

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу