Өскеменде «ONAY!» карталарын кімдер тегін алады

Фото: instagram.com/onay.kz
Өскеменде жол ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Бұрын қолданылған «Oskemencard» жүйесінде онлайн толтыру мүмкіндігі болмағандықтан, оны ыңғайлы әрі жетілдірілген «ONAY!» жүйесі алмастырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жүйеге көшу аясында 16 жеңілдік санатына жататын азаматтарға тегін көлік карталары беріледі. Қазіргі уақытта жергілікті билікпен бірлесіп, мектеп оқушыларына, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы аналарға және басқа да санаттарға карталарды беру мәселесі қарастырылды.
Карталардың өндірісі басталып кетті. Оларды трамвай паркі ауданындағы және Жібек жолы, 3 мекенжайындағы (бұрынғы жолаушылар тасымалын басқару орталығы) екі халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады. Ал балалар өз карталарын мектептерінде алады. Карталарды тарату наурыз айында басталмақ.
Қоғамдық көліктердегі жаңа электронды билеттеу жүйесі – қалалық мобильділікті дамытудағы маңызды қадам. «ONAY!» жүйесі іске қосылғаннан кейін қоғамдық көлік бағыттарының жүктемесі қайта қаралатын болады.
Брифингте ата-аналарға балалар картасын өз карталарымен байланыстыру мүмкіндігі ұсынылатыны да айтылды. Осылайша, олар бала автобуска қашан мінгенін бақылай алады.
2025 жылы жолақы тарифінің көтерілуі жоспарланбаған.
Сондай-ақ, қолма-қол ақшасыз төлем жасау үшін карта қолдану міндетті емес. Төлемді QR-код арқылы мобильді қосымшада жасауға болады. Бұл қосымша көліктің қозғалысын бақылау мүмкіндігін де ұсынады.
Роксана Глыбова