KZ
Өскемен
-16°
туман Штиль
497.89 520.89 5.47

«Цифрлық әлемге қауіпсіз қадам»: Шемонаихада ата-аналар конференциясы өтті (видео)

14.02.2025, 17:00 1 039 Гульжан Мусина

Шемонаиха қаласында «Цифрлық әлемге қауіпсіз қадам» тақырыбында аймақтық ата-аналар конференциясы өтті. Облыстық білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған жиынға ауданның түкпір-түкпірінен келген ата-аналар, мектеп өкілдері мен құқық қорғау органдарының мамандары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаладағы Островский атындағы №1 орта мектеп-гимназиясында өткен конференцияда негізінен балабақша мен мектеп жасындағы балалардың онлайн-кеңістіктегі қауіпсіздігі талқыланды. Айта кетерлігі, бұл жиын облыстық білім басқармасының «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру жөніндегі медиа-жоспары аясында ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышёва қатысты.

Жиында бірқатар маман баяндама жасап, цифрлық қауіпсіздікке байланысты өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Шемонаиха ауданының прокуроры Нұржан Қуатбеков «Цифрлық қауіпсіздіктегі ата-аналардың рөлі: ғаламтордағы қауіп-қатерді қалай анықтап, алдын алу керек?» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде интернеттің жас ұрпақтың санасы мен денсаулығына тигізетін әсері өте зор. Сондықтан жылдан-жылға ушығып бара жатқан бұл мәселені кешенді шешу қажет.

– Облыс прокуратурасы «Ұрпақ» жобасына бастамашы болды. Жобаның ерекшелігі – Telegram мессенджерінде «vko_urpaq_bot» атты арнайы бот жасалған. Бұл автоматтандырылған жүйе балалардың құқықтарының бұзылуы туралы ақпарат жинауға арналған. Оның басты мақсаты – өтініш берушілерге жедел көмек көрсету. Бұл ботқа кез келген ата-ана немесе оқушы хабарлама қалдыра алады. 2024 жылдың басынан бері біз 24 өтініш қарап, тиісті шаралар қабылдадық. Нәтижесінде кейбір адамдар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді Нұржан Қуатбеков.

Ал Шемонаиха аудандық полиция бөлімі соңғы жылдары ғаламторда жасалатын қылмыстар санының күрт артқанын мәлімдеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналарды алаяқтыққа тап болмас үшін балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беруге шақырды.

Жиында облыстық білім басқармасының Психологиялық көмек және қолдау көрсету өңірлік орталығының директоры Лилия Куземко «Ғаламтордағы психологиялық қауіпсіздік: баланың психикасын зиянды контенттен қалай қорғауға болады?» тақырыбында баяндама жасады. Ол ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, пайдалы кеңестер ұсынды.

Сонымен қатар «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Сергей Коваленко «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын инновациялық технологиялар арқылы жүзеге асыру жөнінде баяндама жасап, цифрлық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыстармен бөлісті.

Конференцияны қорытындылаған облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышёва жиында талқыланған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.

– Біз педагог ретінде ата-аналарға бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруге міндеттіміз. Себебі цифрлық қауіпсіздік күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Балаларымыздың болашағы мен денсаулығын ойласақ, ертерек қамдануымыз қажет. Бүгін ата-аналарға балаларымен қалай дұрыс қарым-қатынас орнату керек екенін түсіндіруге тырыстық. Қазіргі уақытта мамандарымыз мектептерде оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіз интернет пен зиянды контенттің аражігін ажырата білуді үйретіп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Инесса Чернышёва.

Түстен кейін конференцияға қатысушылар өзекті мәселелер бойынша секциялық жұмысқа қатысып, тәжірибе алмасты.

Нұржан Кенжеұлы
Фото-видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу