ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ШҚО-ға іссапармен келді (Видео)
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің жаңа әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалған Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың кандидатурасы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралып, депутаттардың бірауыздан қолдауына ие болды. Осыдан кейін Премьер-министр облыстың басшылық құрамымен кездесіп, жаңа әкімді ресми түрде таныстырды.
Олжас Бектенов өз сөзінде жаңа әкімнің өңірді дамытудағы негізгі міндеттерін атап өтіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне ерекше назар аударылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының даму жоспарын талқылап, жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибеге ие. Ол бұған дейін әртүрлі басшылық қызметтерді атқарып, өңірлік даму мәселелеріне белсенді түрде араласқан. Атап айтсақ, өзге өңірлерде шешімін таппай жатқан үлескерлер мәселесінің түйінін тарқатып, оң нәтижеге қол жеткізген тәжірибесі бар. Оның басшылығымен баспанасыз қалған бір ғана тұрғын үй кешенінің 50 үлескері өз қаражаттарын қайтарып алуға мүмкіндік алды: 40 үлескер ақшалай өтемақысына қол жеткізсе, 10-ы баспана кілттерін иеленді.
Қарапайым халықтың ерекше құрметіне ие Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов жаңа әкім ретінде аймақтың өркендеуіне өз үлесін қосуды жалғастырады деп күтілуде.