KZ
Өскемен
-16°
туман жел 3 м/с, СШ
498.69 522.23 5.79

ШҚО: Өндірістегі жарақаттану өзекті мәселелердің бірі болып отыр

Бүгін, 17:20 70 Гульжан Мусина

Былтыр Шығыс Қазақстан облысында еңбек инспекторлары көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Сонымен қатар өңірде өндірістік жарақаттану мәселесі өзекті болып қалып отыр, оны азайту мақсатында арнайы бағдарламалар мен шаралар қолға алынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылдың 11 айында ШҚО-да еңбек инспекторлары 405 тексеріс жүргізіп, 1847 өтінішті қарастырды. Нәтижесінде 1322 заң бұзушылық анықталып, олардың басым бөлігі еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты болды. Осыған байланысты 143 ұйғарым шығарылып 35,1 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша Департамент басшысы Бақытбек Қизатов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

– Еңбек саласына цифрлық технологияларды енгізу басым бағыттардың бірі болды. Қазіргі уақытта облыста ұжымдық шарттар, зиянды өндіріс жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек кітапшалары цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, HR Enbek жүйесінде электрондық еңбек шарттарын тіркеу жүзеге асырылуда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, еңбек қатынастарының ашықтығы мен ыңғайлылығын арттыру үшін цифрлық шешімдер әзірленуде, – деді Бақытбек Қизатов.

2025 жылдың ақпан айындағы жалақы бойынша берешекке келетін болсақ, ШҚО-да 9 кәсіпорын өз қызметкерлеріне 149,9 млн теңге қарыз. Бұл өңірдің 304 жұмысшысын қамтыды.

Өндірістік жарақаттану маңызды мәселе болып қалып отыр. 2024 жылы өңірде 106 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1%-ға көп. 17 адам қаза тауып, 66 жұмысшы ауыр жарақат алды. Оқиғалардың негізгі себептері – қызметкерлердің өрескел қателіктері мен еңбек ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі. Бұған жауап ретінде өңірде еңбек қауіпсіздігін жақсарту және өндірістік жарақаттануды азайтуға бағытталған «Жол картасы» және «Еңбекті қорғау» бағдарламасы бекітілді.

Жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындардың мәселелерін талқылау үшін әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 7 отырысы өткізілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық әлеуметтік әріптестік келісімі жасалды.

Ержан Әбіш

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу