Шығысқазақстандық оқушылар халықаралық академиялық турнирге қатысты
22-23 ақпан күндері Дубай қаласында өткен World Scholar’s Cup Dubai I Round 2025 халықаралық турниріне NIS Oskemen оқушылары қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Білім сайысы Sunmarke School және The Indian High School базасында ұйымдастырылды.
Бұл турнир оқушылардың академиялық қабілеттерін дамыту, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру және халықаралық өзара әрекеттестікті нығайту мақсатында өткізіледі. Биыл жарысқа Араб түбегінің елдерінен 51 команда қатысып, Қазақстаннан NIS Oskemen және Павлодар қаласындағы №3 гимназияның оқушылары жалғыз шетелдік өкілдер болды.
Турнир төрт негізгі бөлімнен тұрды:
- Дебаттар – жаһандық өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар;
- Scholar’s Challenge – өнер, музыка, әлем әдебиеті, ғылым және технология салаларынан 120 сұрақтан тұратын тест;
- Collaborative Writing – шығармашылық және аналитикалық эссе жазу;
- Scholar’s Bowl – мультимедиялық сұрақтарды қамтитын командалық интеллектуалды сайыс.
Сайыс жоғары және төменгі лига болып бөлінді. NIS Oskemen мектебінің оқушылары Малика Сафина (11C), Дильназ Муратқанова (11D) және Павлодар қаласындағы №3 гимназияның 10-сынып оқушысы Адия Жұмабек жоғары лигада Араб елдерінің үздік командаларымен сынға түсті.
Байқау қорытындысы бойынша, команда «Global Round» кезеңіне жолдама алды. Бұл кезең әлемнің ең үздік оқушылары бас қосатын шешуші сайыс болып табылады. Биыл жарыс Сеул, Бангкок, Доха және Любляна қалаларында өтеді.