KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
499.22 519.14 5.64

Өскемен жұрты Масленица мейрамын атап өтті (видео)

Кеше, 14:54 218 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде Масленица мерекесі айрықша сән-салтанатпен тойланды. Жылдағы дәстүр бойынша қала тұрғындары мен қонақтары облыс орталығындағы Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алдындағы алаңда жиналып, қысты шығарып салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Масленица – славян халықтарының бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Оны қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алу мерекесі деп біледі. Бұл мерекені тойлау арқылы халық келер көктемнен зор үміт күтеді. Биыл да солай. Таңертеңнен Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының алдындағы алаңға халық көптеп жиналды.

Мерекеге келген жұртшылықты қаламыздағы ұлттық-мәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері құттықтап, бұл мейрамның басты мақсаты – өскелең ұрпақты достық пен бірлікке тәрбиелеу екенін атап өтті.

–  Аталған мейрамды кешірім күні деп те айтуға болады. Себебі, бүгін жақындарын ренжіткен жандардың кешірім сұрауына ең оңтайлы күн. Масленицада тілеген барлық тілек қабыл болады деген сенім бар, – деді славян мәдениет қоғамының төрағасы Александр Яковлев. – Бір атап өтерлігі, бүгінгі іс-шараға славян бірлестіктерімен қатар, өзге этномәдени бірлестіктері де қатысуда. Себебі, біздің елде бәрі ортақ, кез келген мерекеде этностардың достығын көруге болады. Сонымен қатар, бұл жолғы Масленицаның тағы бір ерекшелігі – биылғы мейрам Қазақстан халқы ассамблея сының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Рас, қыспен қоштасу – бұл ойын-сауық уақыты ғана емес, сонымен қатар мәдени мұра мен қоғамдық келісімнің маңызын айшықтайтын мереке. Осы ретте, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының бұл бағытта атқарып жатқан жұмысын айрықша атап өткен жөн болар.

Мерекелік іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңіріміздің танымал өнер ұжымдары құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Мейрамға жиналған қауым әртүрлі байқау мен ойындарға белсене қатысты. Бал құймақтардан дәм татты. Қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың көрмесін тамашалады. Осының бәрі халыққа керемет мерекелік көңіл күй сыйлағаны сөзсіз.

– Бүгін – үлкен мереке, айрықша күн. Мұнда бүкіл қала жиналғандай. Өз басым бұл мерекені жібермеуге тырысамын, жыл сайын осы жерге келіп, көппен бірге Масленицаны тойлаймын. Бүгін шөберемді алып келдім. Көңіл-күйіміз тамаша. Жерлестерімізді көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, бәріне денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін! – деді мереке қонақтарының бірі, Өскемен қаласының тұрғыны Надежда Груняхина.

Мерекелік іс-шара соңында өскемендіктер мен қала қонақтары дәстүрлі қарақшыны өртеу рәсіміне қатысты.

Фото/видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу