KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 2 м/с, ОШ
480.11 532.25 5.14

Сабантой өтті сәнімен — ШҚО

9.06.2024, 12:56 240 Ләззат Қанатқызы

Облыс орталығындағы Достық үйінде татар-башқұрт халықтарының ұлттық  мейрамы — Сабантой атап өтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мереке диқандар арасында кең танымал. Егіс бітік шықсын деген шаруалар алқаптағы жұмыс аяқталғаннан кейін мол дастарқан жайып, отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлайтын болған. Бүгін де қала халқы мерекені көтеріңкі көңіл күйде атап өтті. 

Ұлттар достығын дәріптейтін бұл мерекеге халық та көп жиналды. 

- Сабантой мерекесі молшылықтың белгісі десек те болады. Татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу мерекесі» деген ұғымды білдіреді. Яғни дәстүр бойынша татар халқы бұл мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлайды. Бүгін бізде сол дәстүрді жаңғыртып, мерекені атап өтуге жиналдық. Татар мәдени орталығы арнайы мереке үшін елшілік арқылы Татарстаннан әншілер шақыртты. Бүгін шығысқазақстандықтар мерекелік концертті тамашалайды. Ал кішкентай бүлдіршіндер үшін аниматорлар түрлі ойын-сауық өткізеді, - деді Достық үйінің мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Владислав Артамонов.

Ән-жырға, ойын-сауыққа толы мерекелік шара Достық үйін думанға бөледі. Татар мен башқұрттың ұлттық киімін кигендер өз өнерлерімен жарасымды кештің сәнін келтіре түсті. Татар халқының ұлттық күресі «Көрәш» те көпшіліктің көңілінен шықты.

- Сабантой мерекесіне алғаш рет қатысып жатқан жоқпын. Бұл мерекенің мән-мағынасы маған қатты ұнайды. Қанша уақыт өтсе де, өзіндік мәнін жоғалтпаған. Жалпы біз көпұлтты мемлекетте тұрғандықтан мұндай шаралар ынтымағымызды, татулығымызды дәріптейтіні сөзсіз, - деп атап өтті Риддер қаласының тұрғыны Нурия Хаснутдинова. 

Шара соңында жұртшылық бір дастарханнан дәм татты. 

Ләззат Қанатқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив