ШҚО ауылдарындағы медициналық мекемелер жаңартылып жатыр
ШҚО-да «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы екі жылда 35 медициналық нысан салынып, жаңғыртылды. Олардың қатарына дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттер кіреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ ауруханалар мен емханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы бес медициналық мекеме, соның ішінде амбулаториялар мен аудандық ауруханалардың бөлімшелері жөндеуден өтті. 2025 жылы Самар аудандық ауруханасы, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы аурухана мен дәрігерлік амбулатория, Ұлан ауданының Асубұлақ және Привольное ауылдарындағы амбулаториялар, Күршім аудандық ауруханасы және Зайсан ауданының инфекциялық бөлімшесінде күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жобаның басым бағыттарының бірі – әйелдер мен балалар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру. 2024 жылы бірнеше аудандық аурухана медициналық көмектің екінші деңгейіне ауыстырылды. Бұл жүкті әйелдер мен балаларға ірі қалаларға бармай-ақ, жергілікті жерде білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Скринингтік зерттеулер аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. 2024 жылы 156 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, олардың 3 951-інен аурудың бастапқы белгілері анықталды. Мұндай зерттеулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, бұл емдеу тиімділігін арттырып, ауыр дерттердің алдын алуға көмектеседі.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде медицина кадрларының тапшылығын шешу де маңызды мәселе болып отыр. 2024 жылы ШҚО-ның ауылдық аймақтарына аса тапшы мамандықтар бойынша 15 дәрігер тартылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Жас дәрігерлерге тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие, көтерме жәрдемақы және біржолғы төлемдер беріледі. Бұл шаралар білікті мамандарды тартуға және оларды ауылдық жерлерде ұстап қалуға көмектеседі.
Фото: Нелли Петенева