KZ
Өскемен
+1°
небольшая облачность жел 8 м/с, В
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Шығыс Қазақстанның әскери қызметкерлері ҰОС ардагерлерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады (видео)  

Бүгін, 15:00 80 Гульжан Мусина

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әскери қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері аға буынның ел тарихындағы маңызды рөлін атап өтті.  

– 8 наурыз мерекесі қарсаңында Өскеменде тұратын екі ҰОС ардагеріне барып, оларды құттықтадық. Ардагерлерге гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың алғыс хаты табыс етілді, – деді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ардагерлермен жұмыс жөніндегі инспекторы, Қарулы күштердің ардагері, запастағы подполковник Дәулетқан Қасенов.  

Ғасыр жасаған ардагер

Құттықталған ардагерлердің бірі – Александра Саратовцева. Ол соғыстан кейін балабақша мен училищеде жұмыс істеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты. Оның ерен еңбегі ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Сталинградты азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін»медальдарымен марапатталған.  

– Анамды құттықтағандарыңызға шексіз алғысымды білдіремін. Жыл сайын осылай келіп, ұмытпайсыздар.  Биыл анам 100 жасқа толады. Оны құттықтап келетіндер өте көп, бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деді ардагердің қызы Варвара Пансевич.   

Блокадалық Ленинград қорғаушысы  

Әскери қызметкерлер сондай-ақ блокадалық Ленинградтың қорғанысында болған Анастасия Павловна Светочеваны құттықтады. Соғыстан кейін оның тағдыры Өскеменмен байланысты. Елін қорғаудағы жанқиярлық еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.  

– Ең бастысы – бейбітшілік пен келісім. Ал әскери қызметке аттанатын жастарға айтарым – адал, абыройлы әрі жауапкершілікпен қызмет етіңдер. Біз де өз кезегімізде, қолымыздан келгенше, Отанымызды қорғадық. Соғыс басталғанда, басқа таңдау болған жоқ – туған жерімізді қорғауға аттандық, – деді Анастасия Павловна жас ұрпаққа үндеу жасап.  

ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері ардагерлердің ерлігіне құрметпен қарайтындарын және оларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтау үлкен мәртебе екенін айтты.  

– Сіздердің ерліктеріңіз – біз үшін баға жетпес үлгі. Сіздерге бейбіт өміріміз үшін қарыздармыз. Денсаулықтарыңыз мықты болып, ұзақ ғұмыр кешулеріңізге тілектеспіз! – деді Өскемен қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Қуаныш Мусапиров.  

Дамир Омаров 

Фото: Нелли Петенева  

Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу