KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 8 м/с, ОШ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Шығыста «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

Бүгін, 13:30 62 Төлеуғазы Жансая

6-7 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Оқу-жаттығудың басты мақсаты – азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру.  

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында төтенше жағдайларды басқару және үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жедел штаб құрылды. Оқу-жаттығу барысында облыстық құлақтандыру жүйесі тексеріліп, жедел әрекет ету топтарының дайындығы бағаланды.  

Жаттығудың практикалық кезеңі Самар ауданында өтті. Сценарий бойынша Лайлы су қоймасындағы шлюздің ақауы салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, Самар ауылына су басу қаупі төнді. «112» қызметіне тұрғындар аула аумақтары мен шаруашылық құрылыстарының су астында қалғаны туралы хабарламалар түсіре бастады.  

Алғашқы болып полиция экипаждары жетіп, дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы халықты эвакуациялау қажеттігі туралы ескертті.  

ШҚО ТЖД құтқарушылары жоғары өтімді техника көмегімен тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Сондай-ақ, көлік қызметінің арнайы техникалары да эвакуация жұмыстарына жұмылдырылды. Тұрғындар арнайы қабылдау пункттеріне жеткізіліп, медициналық қызмет өкілдері олардың денсаулығын тексерді. Сонымен қатар, азаматтарға азық-түлік пен қажетті тауарлар үлестірілді, ал ТЖД психологтары психологиялық көмек көрсетті. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында зардап шеккендерді орналастыру орындарына күзет қойылды.  

Су басу аймағынан үй жануарлары қауіпсіз жерлерге шығарылды.  

Коммуналдық қызметтер электр желілерін уақытша ажыратып, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді. Қапшықтар төселіп, арнайы техника көмегімен судың Ешкебай су қоймасына ағуын қамтамасыз ететін канал іске қосылды.  

7 наурызда оқу-жаттығу жалғасады. Жоспарға сәйкес, еліміздің басқа өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында инженерлік техниканы тиеу және жөнелту шаралары пысықталатын болады.  

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу