Қарияға ізет: ШҚО әкімі 103 жастағы ардагерге құрмет көрсетті (видео)
Шығыс Қазақстанда ғасырдан астам ғұмыр кешкен ардагер анаға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов 103 жастағы еңбек ардагері, соғыс мүгедегі, майдангер Камза Шалғұмбаевтың жары Шағила Шалғұмбаеваны 8 наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
103 жастағы Шағила әже – өткен ғасырдың талай тарихи кезеңін көзімен көріп, мағыналы ғұмыр кешкен жан. Қарт ана биыл 10 шілдеде 104 жасқа толады. Оның жұбайы, соғыстан бір аяғынан айырылып оралған Камза Шалғұмбаев 2000 жылы 83 жасында өмірден өткен болатын.
Нұрымбет Аманұлы ардагер анаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, оның ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, соғыс жылдарында ел үшін жанын салған майдангерлермен қатар, тылда аянбай қызмет еткен аналардың да құрметке лайық екенін атап өтті.
Өмірін ұстаздыққа арнаған ардагер ана
Шағила Шалғұмбаева педагогикалық еңбек жолын 1939 жылы Ұлан ауданы Белая Гора кенішіндегі мектепте бастаған. 1961 жылы Обухов кеңшарының балабақшасына меңгеруші болып тағайындалды. Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы екі жылда Тайынты ауылындағы мектеп-интернатта тәрбиеші қызметін атқарды.
Өз ісіне адалдық танытқан ардагер ұстаз балалар тәрбиесіне ерекше мән беріп, бар күш-жігерін жұмсады. Үш ұл өсіріп, немере сүйіп отырған ана бүгінде немересімен бірге тұрады. Сондай-ақ облыс орталығында тұратын келіні, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Баян Айтбаева жиі келіп, батасын алып тұрады.
Шағила әжеміздің ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды. Ол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» және «Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Қарияларға деген құрмет – елдік парыз. Бұл кездесудің басты мәні де осы – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың өмір жолынан өнеге алу. Ғасыр жасаған Шағила әженің ғибратты ғұмыры – ұрпаққа үлгі, ал оған көрсетілген құрмет – кешегі тарихқа тағзым.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников














