«Бұқтырма балықшысы – 2025»: Ертіс жағасында балықшылар фестивалі өтті (видео)
Самар ауданындағы жаңа көпір маңында, Ертіс өзенінде дәстүрлі «Бұқтырма балықшысы» қысқы балықшылар фестивалі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауқымды шараны өткізуге ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы жетекшілік етті. Басты мақсат қысқы балық аулауды танымал ету, әуесқойлар арасында тәжірибе алмасу, спортшылар мен табиғат жанашырларын біріктіру, салауатты өмір салтын насихаттау және браконьерлікпен күреске үн қосу болатын.
Фестивальге барлығы 455 адам қатысты. Олардың қатарында 15 әйел мен 20 бала да бар. Бұл – табиғатпен етене байланыс орнатып, отбасы мүшелерінің бірге белсенді демалуына бағытталған игі бастаманың жарқын көрінісі.
Жарыс таңғы 8-де қатысушыларды тіркеуден басталып, түскі 14-те жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталды. Жарысқа қатысушылар мұз астынан балық аулау ережелерімен танысып, үш сағат бойы шеберліктерін көрсетті. Бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды: «Бірінші ауланған балық», «Ең үлкен балық», сондай-ақ арнайы марапаттар – «Жас балықшы», «Әйел балықшы», «Ардагер балықшы» иелерін тапты.
Жеңімпаздар дене шынықтыру және спорт басқармасының кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздіктер:
Бас жүлде – Нұртас Жанұзақов;
1-орын – Дмитрий Кручий;
1-орын – Айқын Мағауия (балалар арасында);
2-орын – Асхат Ғабдуллин;
3-орын – Тимур Мейірбаев;
5-орын – Медет Болдыбаев.
Шара соңында жеңімпаздар әсерлерімен бөлісіп, естелік суретке түсті.