Самар ауданының ауылдары эстафетада бақ сынады
Самар ауданының Орталық стадионында отбасылық спорттық сайыс – «Жарысқа кел, Жанұя!» ұйымдастырылды. Шараға ауданның 7 ауылынан келген командалар қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сайыстың басты мақсаты – тұрғындардың қыс мезгіліндегі белсенділігін арттыру, отбасымен бірге уақытты қызықты әрі пайдалы өткізу, дене қозғалысын насихаттап, табиғат аясында шынығу мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар балаларға салауатты өмір салтын сіңіріп, дені сау әрі рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу маңызды рөл атқарды.
Қысқы демалыс күндерін ерекше форматта өткізген аудан тұрғындары бұл бастаманың әсерлі болғанын атап өтті.
Эстафета барысында командалар «Шаңғы эстафетасы», «Шанамен кім жылдам?», «Стюб эстафетасы», «Кім мерген?», «Қысқы балық аулау» және «Доппен хоккей ойыны» сияқты қызықты кезеңдерде бақ сынады.
Сайыс қорытындысы бойынша, үшінші орынды Көкжыра ауылының «Бүркіт» командасы иеленсе, екінші орынға Құлынжон ауылының «Сұңқар» командасы жайғасты. Ал жүлделі бірінші орынды Самар ауылының «NEW командасы» жеңіп алды.
Тұрғындар бұл шараның тек жарыс емес, бірлікті нығайтуға, отбасылар арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен септігін тигізгенін айтты.