KZ
Өскемен
-25°
туман жел 1 м/с, СШ
489.15 533.47 5.64

Өскеменде жерлес жазушы Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығы аталып өтті (видео)

Кеше, 18:00 150 Серік Құсанбаев

Өскемендегі Балалар және жасөспірімдер кітапханасында руханият, әдебиет, өлкетану бағытында көптеген шаралар жыл бойы жүйелі түрде өткізіледі. Бүгін кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен қаламы ұшқыр журналист, сыршыл жазушы, өткір публицист, жерлесіміз Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына арналған «Дидарғайып Дидахмет» атты кеш өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әдеби кешке С.Аманжолов атындағы колледждің студенттері, жазушының жерлесі, белгілі журналист Әлібек Қаңтарбаев, сондай-ақ Алматыдан арнайы келген жазушының ұлы Дәулет Әшімхан қатысты.

Шара Дидахмет Әшімханұлының «Сары самауыр» шығармасынан сахналанған көрініспен басталып, кеш қонақтары қаламгердің балалық шағы, шығармашылығы мен өмірлік ұстанымдары туралы естеліктерімен бөлісті.

Шығыс Қазақстан облысы Жазушылар одағының төрағасы, жазушы, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, публицист Әлібек Қаңтарбаев өткен күндерге ой жүгіртіп, Дидахмет Әшімханұлымен бірге мектеп-интернатта оқыған жылдарын еске алды. Ол жазушының бала күнгі қылықтары туралы қызықты әңгімелер айтып, қаламгердің адамгершілігі мен болмысы жайлы сыр шертті.

Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмеде жазушының сүйіп оқыған және өзі жазған кітаптары қойылды.

Кеш барысында қаламгердің кезінде сүйіп тыңдаған «Арыс жағасында» әні шырқалып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Жазушының ұлы Дәулет Дидахметұлы әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, рухани шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

– Әкем бала тәрбиесінде аса қатал да, тым жұмсақ та болған жоқ. Ол «Үлкендердің сөзі тыңдалсын» дейтін болуы керек, мені ес білгеннен бастап қайда барса да, қасынан тастамайтын.
Әкем өте ұқыпты адам еді. 1968 жылдан бастап күнделік жазуды әдетке айналдырды. Қазір сол күнделіктердің өзі бір кітапқа жүк боларлық. Есте сақтау қабілеті де ерекше болатын. Бір рет оқыған кітабын бүге-шүгесіне дейін есінде сақтайтындығына талай мәрте куә болдым, – деді Дәулет Дидахметұлы.

Кеш соңында оқырмандар мен студенттер жазушының шығармашылығына қатысты өз пікірлерімен бөлісіп, қаламгердің әдеби мұрасының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін тілге тиек етті.

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу