KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Жұмысшы мамандықтарына жаңа серпін: ШҚО тәжірибесі

24.12.2025, 10:00 85 Базарова Айгүл

Бүгін Шығыс Қазақстанда облыстық әкімдіктің 2025 жылдың соңғы отырысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған іске есеп беріліп, сапасы сараланды. Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов жыл көлеміндегі жұмыстың барысын баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жариялануы облыстың және тұтастай алғанда елдің экономикасының тұрақты дамуы үшін техникалық және жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырудағы маңызды кезең болды. Осы бастамаларды дамыту мақсатында жылдың басында Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген-ді.

Бұл бастама білімге құштар, іскерлігі басым өңір жастары үшін зор мүмкіндік болды. Себебі, аталған жоспарды іске асыру және жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамту мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 2025 жылы 7 130 орынға жетті.

Жалпы Шығыс Қазақстанда аймақ экономикасы үшін кадрларды дайындаумен 37 колледж айналысады. Бүгінде бұл білім шаңырақтарында 20 273 студент білім алады. Оның 17 мыңнан астамы, яғни, 85% мемлекеттік тапсырыс есебінен. Оқыту жұмыстарын 1747 оқытушы және өндірістік оқыту шебері жүзеге асырады.

– 2025 жылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішінің оң динамикасы байқалады, ол 86,8%-ға жетті. Облыстың заманауи кадрларға деген өсіп келе жатқан сұранысын және экономиканың басым бағыттарының дамуын ескере отырып, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өңір колледждерінде сұранысқа ие бағыттар бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетика, пилотсыз авиациялық жүйелер, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану және басқалары. Аталған мамандықтарға 277 студент қабылданды, - деді Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.

2025 жылдан бастап өңір колледждерінде «Серпін» жобасы қайта жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында Жамбыл, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстары сияқты еңбек ресурстары артық өңірлерден 100 студент оқуға қабылданды.

Жұмысшы мамандықтарын даярлаудағы жаңа формат

Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыру және жастарды ерте жастан кәсіби бағдарлауға бағыттау мақсатында өңірде мазмұны мен форматы жағынан жаңашыл бастама жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 10–11 сыныпта оқитын 75 оқушыны қамтыған эксперименттік білім беру бағдарламасы төрт колледждің базасында іске асырылып отыр. Бұл бағдарлама мектеп пен колледжде бір мезгілде білім алуға мүмкіндік беретін ерекше форматымен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде оқушылар жалпы орта білім туралы аттестатпен қатар, техникалық және кәсіптік білімді растайтын диплом алу мүмкіндігіне ие болады.

– Эксперименттік жобаның нақты нәтижелері де бар. Мәселен, 2024 жылғы желтоқсан айында осы бағдарлама аясында білім алған алғашқы 48 оқушы оқуын табысты аяқтап, «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киім үлгілеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша диплом иегері атанды. Бұл бастама мектеп оқушыларының болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді ерте меңгеруіне жол ашып отыр, - деп атап өтті баяндамашы.

Сонымен қатар, мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында өңірде колледждер мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы серіктестік байланыстар жүйелі түрде кеңейтілуде. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттер дуалды оқыту жүйесіне тартылып, білім мен тәжірибені қатар ұштастыру мүмкіндігіне ие болуда. Қазіргі таңда дуалды оқыту 27 колледжде жүзеге асырылып, оған 5 мыңнан астам студент пен 448 кәсіпорын қатысуда.

Мамандар даярлау 46 түрлі мамандық бойынша жүргізіліп, оқу бағдарламаларында тәжірибелік сабақтардың үлесі едәуір арттырылды. Студенттер өндірістік практиканы тікелей кәсіпорындар базасында өтіп, нақты еңбек процесіне ерте араласады. Бұл, өз кезегінде, түлектердің оқу аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, кадр даярлау жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етуде.

Өндіріс пен білім тоғысқан серіктестік

Төртінші жыл қатарынан өңірде 155 серіктес кәсіпорынның мемлекеттік тапсырысы негізінде мақсатты кадрлар даярлау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта «Казцинк» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Востокмашзавод» АҚ, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, Промтехмонтаж, Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы, Біріккен ЭнергоСервис Компаниясы, Vosca, VK development group және өзге де кәсіпорындар белсенді қатысуда.

Соңғы төрт жыл ішінде мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында барлығы 3 555 орын бөлінді. Оның ішінде 2022–2023 оқу жылында – 706 адам, 2023–2024 оқу жылында – 929 адам, 2024–2025 оқу жылында – 940 адам, ал 2025–2026 оқу жылына 980 орын қарастырылды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жұмыс берушілердің білікті кадрларға деген тұрақты әрі артып келе жатқан сұранысын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен 96 студент білім алуда. 2025 жылы олардың 43-і оқуын аяқтап, өңір кәсіпорындарында, атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС, «Өскемен Водоканал» ШЖҚ КГП, «Бакырчик тау-кен кәсіпорны» ЖШС және басқа да өндіріс орындарында тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Колледждерде ірі бизнес тарапынан қамқорлық пен қолдау институтын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Белсенді серіктестер қатарында «Казцинк» ЖШС, «Kaz Minerals Aktogay» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ және өңірдің басқа да жетекші кәсіпорындары бар. Ағымдағы жылдың басынан бастап колледждермен серіктес кәсіпорындар саны 32-ден 203-ке дейін ұлғайып, бұл бизнестің кәсіптік білім беру жүйесіне деген жоғары қызығушылығы мен сенімін айғақтайды.

Кәсіптік білім беруді дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту стратегиясын іске асыру аясында өңірдің 16 колледжі мен индустриялық секторда білікті кадрлар даярлауда жетекші стратегиялық серіктестердің бірі саналатын «Казцинк» ЖШС арасында Альянс құру туралы Меморандумға қол қойылды.

– Аталған Альянстың басты мақсаты – практикалық бағдарланған оқытуды күшейту, дуалды білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және мамандар даярлау процесін өндірістің нақты қажеттіліктеріне барынша сәйкестендіру. Бұл қадам білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өңір экономикасын сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып отыр, - деді басқарма басшысы.

Болашақ мамандықтарының картасы жасалуда

Өңірде кадр даярлау жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Мамандығым – Болашағым» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған жобаның өңірлік офисі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейді. Университет ғалымдары мен мамандары тарапынан өңірдің экономикалық даму бағытына сәйкес келетін перспективалы мамандықтарды айқындау, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының жаңа мамандықтар Атласын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жоба аясында перспективалы мамандықтарды анықтау мақсатында кешенді форсайт-зерттеулер жүргізіліп, ШҚО-ның негізгі салалары жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар жұмыс берушілерден, тұрғындардан және білім беру жүйесінің өкілдерінен деректер жиналды. Осы талдаулардың нәтижесінде өңірдің кадрларға деген нақты қажеттілігін көрсететін өңірлік карта әзірленді. Бұл құжат болашақ еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, мамандар даярлау жүйесін жаңарту мен жетілдіру үшін маңызды негізге айналды.

Сонымен бірге, «Жас маман» жобасы аясында энергетика, металлургия, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары бойынша төрт Құзыреттілік орталығы заманауи оқу жабдықтарымен және жаңа зертханалармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, «KazMinerals» АҚ-ның қаржылай қолдауы есебінен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде тау-кен өндіру саласы үшін кадрлар даярлайтын Құзыреттілік орталығы жабдықталды. Бүгінде бес Құзыреттілік орталығының базасында жыл сайын шамамен 4 мың студент заманауи оқу құралдарын пайдалана отырып білім алуда.

2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірде бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын тапты. Атап айтқанда, Алтай жоғары колледжі мен Зайсан технологиялық колледжінде туризм және техникалық бағыттар бойынша екі жаңа Құзыреттілік орталығы ашылды. Бұл орталықтар өңірдің сұранысына сай білікті мамандар даярлауға, сондай-ақ жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық қадам болды.

WorldSkills-тен EuroSkills-ке дейін: шеберлік шыңы

Қазіргі заман – білімі терең, ісі мығым, технология тілін меңгерген жас мамандарды талап ететін кезең. Осы сұранысқа жауап ретінде Шығыс Қазақстан өңірінде жұмысшы мамандықтарын дамыту, студенттердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру және еңбекті қадірлеу мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның айқын дәлелі – Құзыреттілік орталықтарының базасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын WorldSkills өңірлік чемпионаттары мен оған ұласқан республикалық, халықаралық жетістіктер.

Жыл сайын өткізілетін WorldSkills өңірлік чемпионаттары студенттер үшін тек жарыс алаңы ғана емес, кәсіби шыңдалудың, тәжірибе алмасудың, болашаққа сенімді қадам жасаудың маңызды мектебіне айналды. Бұл сайыстарда оза шапқан жеңімпаздар Ұлттық чемпионатта өңір намысын қорғап қана қоймай, халықаралық және әлемдік деңгейдегі додаларда да ел абыройын асқақтатуда.

2025 жыл Шығыс Қазақстан колледждері үшін табысты жетістіктерге толы жыл болды. Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Артём Мочинскийдің Данияда өткен EuroSkills-2025 чемпионатына республикалық құрама команда сапында қатысып, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша үздік медальон иеленуі – соның жарқын мысалы. Бұл жетістік отандық кәсіби білім беру жүйесінің халықаралық талаптарға сай екенін айқын көрсетті.

Халықаралық деңгейдегі тағы бір маңызды табыс – ERG Skills 2025 кәсіби шеберлік чемпионаты. Аталған сайыста Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенттері «Инженерлік графика (CAD)» құзыреттілігі бойынша 1-орын, ал «Электромонтаж жұмыстары» бойынша 3-орынды иеленіп, өз білімдері мен біліктерінің жоғары деңгейде екенін дәлелдеді.

Инклюзивті білім беруді дамыту да назардан тыс қалған жоқ. «Abilympics-2025» республикалық чемпионатында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер арасынан Өскемен технология және сервис колледжінің білім алушылары «Мәтінмен жұмыс», «Шаштараз өнері» және «Киім тігу» құзыреттіліктері бойынша үш қола медаль жеңіп алып, мүмкіндіктің шектеулі емес екенін нақты ісімен көрсетті.

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіби шеберлік те лайықты бағасын алды. «AgroSkills-2025» республикалық конкурсында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің студенті Medallion for Excellence құрметті медальонына ие болды.

Ал 2025 жылғы 3–9 желтоқсан аралығында өткен X Республикалық WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионаты өңір колледждерінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Студенттер қоржынына 2 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль және 10 «Мамандықтың үздігі» медальоны түсті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін аңғартады.

Мұндай табыстар кездейсоқ емес. Олар колледждерде кадрларды сапалы даярлауға бағытталған жүйелі саясаттың, материалдық-техникалық базаны тұрақты жаңғыртудың, заманауи білім беру технологиялары мен практикаға негізделген оқыту тәсілдерінің нақты нәтижесі.

2025 жылы осы мақсатта 8 колледжге жергілікті бюджет есебінен 384 миллион теңге бөлініп, материалдық-техникалық база нығайтылды. Сонымен қатар, 177,5 миллион теңге көлемінде қаржы колледж ғимараттарын жөндеу жұмыстарына бағытталды. Бұл – болашақ мамандардың сапалы білім алуына жасалған маңызды инвестиция.

Жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау және ерте кәсіби бағдар беру де басты назарда. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам адамды қамтыған ауқымды іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында «My PRO» кәсіптер фестивалі, «СтартПрофи – Shygys» көшпелі мобильді стенд-мобы, «Путеводитель» бағдарламасы, Ашық есік күндері және басқа да жобалар бар.

Жаз мезгілінде 10 колледж базасында 500 оқушыға арналған кәсіби бағдарлау лагерьлері ұйымдастырылып, балалар өз қызығушылықтарын ерте жастан анықтауға мүмкіндік алды. Кәсіпорындарға экскурсия барысында Үлбі металлургия зауыты, Өскемен ГЭС сынды ірі өндіріс орындары тарапынан конкурстан тыс колледжге түсуге жол ашатын мақсатты сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар, мектептерде орман шаруашылығы, агрономия, ауыл шаруашылығын механикаландыру, металлургия, туризм, жиһаз өндірісі сынды бағыттар бойынша 50 бейіндік сынып ашылды. Республикалық «Дублёр күні» жобасы аясында 5 000 мектеп оқушысы өңір кәсіпорындарында болып, заманауи өндіріс пен сұранысқа ие мамандықтармен танысты.

– Бұл бастамалардың жалғасы ретінде өңірдің жетекші колледждерінің Құзыреттілік орталықтары базасында «JuniorSkills Shygys 2025» өңірлік чемпионаты өтті. Онда 100-ден астам оқушы 16 құзыреттілік бойынша өз дағдыларын сынап, болашақ мамандықтарына бір қадам жақындай түсті. Білім беру басқармасы өткізген республикалық деңгейдегі іс-шаралар да ерекше маңызға ие болды. Энергетика саласы педагогтары арасындағы республикалық конкурс, «VetPro» кәсіби шеберлік байқауы, жұмыс берушілер қатысқан педагогтардың республикалық форумы – барлығы да тәжірибе алмасуға, кәсіби қауымдастықты нығайтуға бағытталды. Ал Спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Алтайдан Оралға дейін» республикалық веложарысының ашылуы 200-ден астам студентті біріктірді, - деді Қуат Оқасов.

Осылайша, Шығыс Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі нақты іспен, жарқын жетістіктермен және болашаққа сеніммен дамып келеді. Еңбек адамына құрмет – ел дамуының берік іргетасы екенін дәлелдейтін бұл жұмыстар өңірдің ғана емес, тұтас елдің ертеңіне салынған инвестиция деуге толық негіз бар.

– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыста кәсіби мерекелерге арналған іс-шараларға және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылды. Мысалы, шілде айында Шығыс Қазақстан облысының Ветеринария басқармасы Ветеринарлық қызмет күніне арналған дөңгелек үстел өткізді, онда салаға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар, Металлург күніне арналған үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылды, оған металлургия кәсіпорындарының ардагерлері мен қызметкерлері шақырылды. Тамыз айында Көлік қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар өтті. Мерекеге орай көлік және логистика саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырылды. Қазан айында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы аясында ШҚО ТЖД-де жедел-құтқару бөлімінде Ашық есік күні ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары апатты-құтқару құралдарымен, зардап шеккендерді іздеуге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, арнайы құрал-жабдықтармен және заманауи қызметтік автопаркімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Автокөлік жолдары қызметкерлері күніне орай жол инфрақұрылымын дамытуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан мердігерлік компаниялар мен сервис қызметкерлері марапатталды, - деді басқарма басшысы.

Еңбек – елдің еңсесін көтеретін басты құндылықтардың бірі. Қоғамның тұрақты дамуы мен экономиканың ілгерілеуі, ең алдымен, маңдай терімен нан тауып жүрген жұмысшы кадрлардың әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Осы ұстанымды басшылыққа алған Шығыс Қазақстан өңірінде 2025 жылы еңбек адамын қолдауға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылып, олардың ішінде «Шығыс жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы айрықша мәнге ие болды.

– Аталған бағдарлама жылумен қамту, су бұру және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару салаларында еңбек ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлеріне арналды. Яғни, күн сайын өңір тұрғындарының жайлы өмірі үшін тынымсыз қызмет атқарып жүрген жұмысшы мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге нақты мүмкіндік берілді. «Шығыс жұмыскер» бағдарламасы аясында қызметкерлер баспанаға қол жеткізудің жеңілдетілген шарттарын пайдаланып, өз отбасының болашағына сеніммен қарауға жол ашты. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделген, еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі – деді Қуат Оқасов.

Жұмысшы мамандықтары жылының жоспарына сәйкес бұл бағыттағы іс-шаралар облыстың өзге де басқармаларымен бірлесе отырып, кешенді түрде жүзеге асырылды. Әрбір сала өз құзыреті аясында еңбек нарығын дамытуға, жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіби бағдар беруге үлес қосты. Мәселен, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған «Шығыс маманы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өңір үшін маңызды алаңға айналды. Іс-шараға 113-тен астам жұмыс беруші мен 2500-ге жуық студент қатысып, нақты жұмыс ұсыныстары мен болашақ мансап жолдары туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы заманауи үрдістерге жауап беретін «Mansap Kompasy» цифрлық платформасының таныстырылымы өтіп, ол жастар мен жұмыс іздеушілерге кәсіби бағыт-бағдар беретін тиімді құрал ретінде ұсынылды.

– Өңірдің жоғары оқу орындары да бұл үдерістен шет қалған жоқ. 34 кәсіпорынның қатысуымен өткен кәсіби бағдар беру іс-шаралары студенттер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, теория мен практиканың өзара сабақтастығын арттырды. Сонымен қатар, студенттерді жұмыспен қамту агенттіктері ашылып, «Мамандығым – Мақтанышым» атты ауқымды workshop-платформа ұйымдастырылды. Бұл алаңда жастар өз мамандықтарының қоғамдағы маңызын терең түсініп, еңбекке деген жауапкершілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырды. Өңір экономикасының дамуына серпін беретін инвестициялық жобалар да жұмысшы кадрларға деген сұранысты арттыруда. Кәсіпкерлік және индустрия басқармасы жалпы құны 53,2 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыруды аяқтау сатысына жеткізді. Нәтижесінде, 268 жаңа жұмыс орны құрылып, өңір тұрғындары үшін тұрақты табыс пен кәсіби өсу мүмкіндіктері пайда болуда. Еңбек адамының беделін арттыру, оның қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-идеологиялық жұмыстарға да айрықша көңіл бөлінді. Ішкі саясат басқармасының бастамасымен еңбек адамдарының тағдыры мен кәсіби жолын арқау еткен деректі фильмдер сериясы әзірленді. Республикалық және облыстық телеарналарда 163 сюжет көрсетіліп, баспа басылымдарында 465 материал жарық көрді. Интернет-ресурстарда 200-ден астам жарияланым шықса, қаланың көрнекі жерлеріне 49 билборд орнатылып, ақпарат 13 LED-экран арқылы кеңінен таратылды. Әлеуметтік желілерде де жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге арналған 15 мыңнан астам ақпараттық контент жарияланып, жастар аудиториясына заманауи форматта жеткізілді. Бұл жобалар адал еңбек етудің қадірін арттырып, жұмысшы мамандықтарына деген оң қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға бағытталды, - деп атап өтті баяндамашы қорытындылай келе.

Жалпы алғанда, Жұмысшы мамандықтары жылының өткізілуі – уақыт талабынан туған, өзектілігі жоғары әрі тиімді бастама болды. Ол техникалық және кәсіптік білім берудің маңызын жан-жақты ашып көрсетуге, білікті кадрларды даярлаудың басым бағыттарын айқындауға және білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Ең бастысы, бұл бастамалар жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттырып, жастар арасында кәсіби бағдар беру аясын кеңейтуге, сондай-ақ өңірдің еңбек кадрларын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға және олардың кәсіби өсуіне нақты жағдай жасауға жол ашты. Еңбек адамына жасалған әрбір қамқорлық – өңірдің тұрақты дамуына салынған сенімді инвестиция екені сөзсіз.


Артем Жигулин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу