Өскеменде пәтер тонаған қылмыстық топ ұсталды (видео)

Өскемен қаласында полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын әшкерелеп, күдіктілерді құрықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер өзге өңірден келіп, ұрлықты алдын ала жоспарлаған. Олар құлыпқа кілт таңдау арқылы көпқабатты үйдің бір пәтеріне заңсыз кіріп, екі ноутбук, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттарды қолды еткен. Келтірілген шығын 1 350 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
- Құқық қорғау органдары азаматтарға сақтық шараларын ұстануды ескертеді. Үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сенімді құлыптар орнату, бейнебақылау жүйесін пайдалану немесе дабыл қондырғысын қою ұсынылады. Сондай-ақ тұрғындар аулада немесе кіреберісте күдікті адамдарды байқаса, бұл туралы дереу полицияға хабарлауы маңызды. Мұндай сақтық шаралары ұрлықтың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді,- делінген хабарламада.
Фото/видео: ШҚО ПД
Оқи отырыңыз