ШҚО-да қаржы пирамидалары әшкереленді: мыңдаған тұрғын зардап шекті

Фото: ШҚО ӨКҚ
Шығыс Қазақстан облысында қаржы алаяқтығымен күрес күшейтілуде. ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, өңірде төрт қаржы пирамидасы анықталған. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Жасұлан Дәукенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Департамент өкілінің айтуынша, ең үлкен қаржы пирамидасы «Asar Baspana» тұтынушылық кооперативі болып шықты. Бұл ұйым заңды түрде баспана алуға көмектесеміз деп уәде беріп, он мыңдаған азаматты алдаған.
2024 жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігі аталған ұйымның заңсыз әрекетін тоқтатуға бағытталған арнайы операция жүргізді. Тергеу барысында «Asar Baspana» басшылығы инвесторларға ай сайын 30%-ға дейін пайда түседі деп уәде бергені анықталды. Алайда компанияның нақты қызметі болмаған, ал кіріс жаңа қатысушылардың салымдары есебінен төленіп отырған.
Нәтижесінде шамамен 86 мың қазақстандық 12,4 млрд теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 1 479 тұрғын осы пирамиданың құрбанына айналып, жалпы шығын 300 млн теңгеден асқан. Қазіргі уақытта ұйым басшылары қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарға қаржылық алаяқтардан сақ болуға және жоғары табыс уәде ететін күмәнді ұйымдарға сенбеуге кеңес береді.
Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі «Baiqa, piramida» атты Telegram-ботын іске қосты. Бұл сервис арқылы кез келген компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар-жоғын тексеруге болады.