250 шығысқазақстандық қаржы пирамидаларының құрбаны болды
Биыл 250 шығысқазақстандық «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» қаржы пирамидаларына жалпы сомасы 400 миллион теңге қаражат салған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда ҚР Қаржы мониторинг агенттігі төрт қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Республика аумағында әрекет еткен «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» қаржылық пирамидаларының екі құрылымдық бөлімшесінің аумақтық басшыларына қатысты сот үкімдері шыққан. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Айдын Молдабеков бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді.
Алаяқтардың арбауына түскен салымшылар оңай табыс табуға үміттеніп, жиған-терген қаражаттарын салған. Олардың барлығынан құқық қорғау органдарына арыз түскен.
Салым салу кезінде назар аудару қажет негізгі белгілер:
• Тәуекелдер мен күш-жігерсіз жоғары табысқа уәде беру;
• Жаңа клиенттерді тарту міндеттілігі;
• Интернетте белсенді жарнама жүргізу;
• Компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында ғана тіркелуі;
• Заңды қолдаудың болмауы (шарттың болмауы немесе тараптардың міндеттемелерінсіз жасалуы);
• Салымдарды қолма-қол ақша, криптовалюта немесе банктерді айналып өтіп төлем жүйелері арқылы қабылдау.
Сонымен қатар, Қаржы мониторинг агенттігінде қаржы пирамидаларына қатысты белгілерді тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» атты Telegram-бот іске қосылды. Чатта компанияның БИН нөмірін немесе оның сілтемесін енгізу арқылы компанияның қаржылық пирамидаға тиесілігін немесе мұндай тәуекелдің бар-жоғын тексеруге болады.
Ақерке Рағызбаева