Өскеменде Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды (видео)
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы қарсаңында облыс орталығында «алтын жастағы» азаматтарға арналған Белсенді ұзақ өмір орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл орталық – зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін маңызды жоба. Ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарды құттықтап, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 140 мыңнан астам зейнеткер бар. Өңір бойынша қарияларымызға бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін барлығы 175 орталық жұмыс істейді. Ол жерлерде егде азаматтарға спортпен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер берілген, бүгінде «алтын жастағы» төрт мыңнан астам адам осы орталықтарға белсенді түрде барып, уақыттарын қызықты өткізіп жүр.
Орталықтың директоры Маруа Ғайсинаның айтуынша, қазірдің өзінде тоқсаннан астам зейнеткер орталықтың әр түрлі үйірмелеріне қатысуға ниет білдіріпті.
Тәжірибелі дәрігер, еңбек ардагері Бақыт Зияданова орталықтың ашылуы егде жастағы азаматтар үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Мұндай орталықтар егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартып, оларды өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуге ықпал етеді. Жақын уақытта өңірде осындай орталықтардың саны артып, қамтылатын азаматтар қатары көбеймек. Жергілікті билік бұл бағытта жұмысты жалғастырып, зейнеткерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ниетті.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Даниил Суворов