ШҚО-дағы «Уба» шекара бөлімшесінде жаңа модульдік кешен ашылды (видео)
Шекара күзеті – ел қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі. Отан қорғау жолында қызмет ететін әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта жақында ШҚО-ның Шемонаиха ауданы аумағында орналасқан «Уба» шекара бөлімшесінде әскери қызметшілерге арналған жаңа модульдік ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шекара бөлімшесінің жаңа кешені заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда келісімшарт бойынша қызмет ететін сарбаздардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратта кең әрі жарық жатын бөлмелер, кеңселер, ас үй, жуыну бөлмесі, кір жуу бөлмесі, демалыс аймағы қарастырылған.
Модульдік ғимараттың ас бөлмесі де толықтай жабдықталған. Мұнда тоңазытқыш, микротолқынды пеш, электр плитасы, термопот сияқты қажетті тұрмыстық техника орнатылған. Әскери қызметшілер өздеріне ыңғайлы уақытта келіп, тағам әзірлей алады.
Жуыну бөлмесі мен кір жуатын аймақ та ыңғайлы. Кір жуғыш машина мен кең душ бөлмесі сарбаздардың тазалық сақтауына барынша мүмкіндік береді.
Шекара қызметіне жасалып отырған мұндай қолдау – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызды қадам. Жаңа модульдік ғимараттардың енгізілуі әскери қызметтің беделін арттырып, сарбаздардың тұрмыс сапасын жақсартып отыр.
Осылайша, шекара қызметінде жаңа заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде, ел шебін күзететін сарбаздардың жұмыс тиімділігін арттырып, әскери қызметтің беделін көтеруге ықпал етпек.