KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 1 м/с, С
502.83 545.37 5.95

Наурыз мейрамы: Алғашқы болып Ұлан ауданы тойлата бастады

Кеше, 18:05 117 Гульжан Мусина


Наурыз мейрамы ауыл-аймақтарда кеңінен тойланып жатыр. Соның айғағындай, бүгін Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында елдің басын қосқан үлкен ұлттық мейрам ұйымдастырылды. Қар әлі толық ерімеген, желі қатты бұл күнде де бозанбайлықтар күн райына қарамай, қызыққа толы, сән-салтанатты той өткізді.
Наурызды қарсы алу ауыл орталығынан әуелеген әнмен, күмбірлеген күймен басталды. Бозанбайдың өнерлі жастары мен ақ жаулықты аналары қазақ биін билеп, жиналған жұртты ортақ мерекеге шақырды. Той алаңында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтеріліп, ұлттық тағамдар ұсынылды.

Бозанбай – бүркітшілер ауылы. Сол себепті мейрамның басты сәні құсбегілер шеруі болды. Ауылдың алғыр қырандары мен олардың бапкерлері жиналған жұрттың қошеметіне бөленді. Бұған қоса, ауыл көшелерімен өткен түйелі көш көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл көш көктемнің келгенін, ұзақ қыстың аяқталғанын білдіретін символ ретінде қабылданды.
Мерекеде ұлттық қолөнер шеберлері де шет қалмады. Алаша, текемет, кестелі бұйымдар мен күміс әшекейлер ұсынылған көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеге келгендер қолөнер бұйымдарын тамашалап қана қоймай, сатып алып жатты.

– Бұл той – қазақтың болмысын, ұлт рухын, салт-дәстүрін жаңғыртатын мереке. Қарды күреп, алаң дайындаған азаматтар мен атқа мінген жігіттерге алғысымыз шексіз. Бозанбай – батырлар мен ақындар, құсбегілер мен көкпаршылар ауылы. Сондықтан біз үшін Наурыз – жай ғана мейрам емес, ұлттық рухтың жаңғыруы, – дейді Ұлан ауданының мәдениет саласының үздігі Нұртай Тілеужанұлы.

Наурызнаманың мәні – ұлттық құндылықтарды ұлықтау десек, Бозанбайда бұл қағида ерекше орын алды. Күрес, аударыспақ сынды дәстүрлі спорт түрлері ұйымдастырылып, қыз-келіншектердің ешкі көтеру сайысы көрермендерді таңғалдырды. 30-40 келі тартатын ешкіні көтеруге бел буған арулар өз мықтылықтарын дәлелдеді. Бұл ауыл әйелдерінің қайсарлығын, рухын көрсетті.

Мерекенің тағы бір ерекшелігі – ауданның әр түкпірінен ағылған қонақтардың көптігі. Ауыл ақсақалдары бата беріп, елге ізгі тілек арнаса, жастар мен балалар думанның шынайы қызығына бөленді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу