Алтай ауданында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті
Наурыз – көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын және жаңа бастамалардың бастау алатын кезеңін білдіретін ерекше мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, татулық пен бірлікті нығайтады.
Алтай ауданында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, бірнеше күн бойы жалғасты. Қала мен ауылдық округтерде түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ал 22 наурызда басты мерекелік шаралар Алтай қаласындағы Мәдениет орталығының алдындағы алаңда өтті.
Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шаралар ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеуге арналды. Бұл күні «Менің интернационалдық отбасым – 2025» және «Ең үздік ұлттық киім» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, «Менің Отаным – Қазақстан» атты сурет байқауы мен ең үздік сырмақ жарысының жүлдегерлері анықталды.
Жыл сайын жаңартылып отыратын киіз үйлер қалашығы биыл да ерекше сән-салтанатымен көз тартты. Алаңға 10 киіз үй тігіліп, Наурыз мейрамына 8000-нан астам тұрғын мен қонақ қатысты. Бұл жылы мерекелік алаң ерекше безендіріліп, қызғалдақтар алқабы жасалды. Сонымен қатар, Наурызға арналған үлкен әріптерден құрастырылған құттықтау жазбалары орнатылып, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандырды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын сатып алды.
Наурыз мейрамы қазақ халқының ұлттық ойындарынсыз өтпейді. Мәдениет орталығының алдында спорттық сайыстарға арналған арнайы алаң ұйымдастырылып, қатысушылар өзара мықтыны анықтады. Олардың қатарында қой көтеру, қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тарту және дартс сияқты жарыстар болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
Мерекеге жиналған көпшілікті аудан әкімі Ренат Құрмамбаев құттықтап, жаңа жылдың жақсы жаңалықтармен басталуын тіледі. Сондай-ақ, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Соловьево ауылындағы көпбалалы үш отбасыға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Мереке соңы ауданның танымал өнерпаздары, музыканттары мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Көпшілікке дәстүрлі әндер мен ұлттық би нөмірлері ұсынылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Наурыз – бірлік пен жаңару мерекесі. Биылғы мерекелік шаралар да халықтың ауызбіршілігі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналды.
Фото: Алтай ауданы әкімдігінен