Өскемендіктер Наурыз мейрамын қалай қарсы алады?
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Облыс орталығында және аудандар мен ауылдарда Наурыз мейрамына орай көптеген іс-шаралар өтеді.
Осы қатарда Өскемен қаласының тұрғындары Наурыз мейрамына орай қалада ұйымдастырылатын 50-ге жуық іс-шараны тамашалап, мерекені шаттықпен қарсы алмақ. Ал 22 наурыз күні көпшілік қазақ эстрадасының танымал әртісі Нұргүл Мыңғатова мен Ұланғасыр Қамиевтің өнерін тамашалайтын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, 14 наурыз күні «OSKEMEN STARS» караоке-байқау шоуы, 15 наурыз күні «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» және «Nauryz қоржын» қайырымдылық акциялары өтеді. Сондай-ақ қала еріктілерінің қатысуымен 15 наурыз күні «Шын жүректен» акциясы ұйымдастырылады.
Ал 16 наурызда кітапханалар мен музейлерде ұлттық қолөнер тақырыбында көрмелер өткізілмек Сонымен қатар Эхо кинотеатры мен О. Бөкей кітапханасында ұлттық көркем фильмдер көрсетілімі болады.
Сонымен қатар, 20 наурызда «Самғау» орталығында балалар мен жасөспірімдер арасында «қазақ күресі», «тоғыз құмалақ», «асық ату», «бес тас» ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылса, Жекпе-жек сарайында қала мектептерінің оқушыларының арасында қазақ күресінен «Мектеп барысы» жарысы және грек-рим күресінің ашық біріншілігі өткізіледі. Комсомол аралында аударыспақтан қалалық ашық чемпионаты өтеді.
Наурыз мейрамына орай, Қайсенов көшесінен орталық алаңға дейін Қазақстан көшесінің бойында 15 киіз үй тігу жоспарланған. Киіз үйлер арасында «Үздік киіз үй» анықталады.
Ал 22 наурыз күні көпшілік қазақ эстрадасының танымал әртісі Нұргүл Мыңғатова мен Ұланғасыр Қамиевтің өнерін тамашалайтын болады. Кешкі бағдарламада Kalifarniya, сондай-ақ облыстың әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетпек.