Әлеуметтік төлемдерді автоматтандыру: Қазақстандағы жаңа жүйе

gov.kz
2025 жылдың басынан бастап Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесінде 133,6 мың азаматқа әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жіберілді. Олардың 72,3 мыңы өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Отбасының цифрлық картасы дегеніміз не?
ОЦК – мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылған цифрлық база. Қазіргі таңда ол 20 миллион қазақстандықты немесе 6,2 миллионнан астам отбасын қамтиды.
ОЦК-ның басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, бұл жүйе әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы болып табылады. Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекеттік қолдауға құқығы бар екендігі туралы электрондық хабарлама қызметін атқарады.
Қазіргі уақытта ОЦК азаматтарға 10 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді өтініш бермей-ақ ресімдеуге мүмкіндік береді, олардың ішінде:
- Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
- Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
- Асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы;
- Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы;
- Мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
- Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
- «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
- Атаулы әлеуметтік көмек;
- Жерлеуге арналған біржолғы төлем.
ОЦК арқылы:
- Зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі;
- «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту туралы хабарламалар;
- Жұмыссыз азаматтар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар қарастырылған.
Қалай пайдалануға болады?
Әлеуметтік төлемдер алу құқығы анықталған жағдайда азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Алушы бұл хабарламаға келісімі туралы жауап беруі керек. Өтініш автоматты түрде рәсімделіп, жәрдемақы немесе төлем алушының банк шотына аударылады.
Маңызды: Алаяқтық тәуекелін болдырмау үшін тек 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламаларға жауап беру қажет.
Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөміріне хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.