KZ
Өскемен
-17°
туман жел 2 м/с, З
520.27 537.65 5.24

Отбасының цифрлық картасы арқылы 27,5 мың адам проактивті жәрдемақы алды

gov.kz

Бүгін, 12:00 52 Төлеуғазы Жансая

2025 жылдың басынан бері Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің арқасында әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету үшін 60,5 мыңнан астам адамға SMS-хабарлама жолданды. Нәтижесінде өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін 27,5 мың қазақстандық пайдаланды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

ОЦК мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелері негізінде қалыптасады. Қазіргі таңда картада Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл жүйе әлеуметтік мәртебеге байланысты қандай қолдауға құқығы бар екенін хабарлайтын күнделікті «электрондық хабарлама» қызметін атқарады.

Бүгінде ОЦК арқылы өтінішсіз-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге болады. Оларға мүгедектік, жұмысынан айырылу, асыраушысынан айырылу жағдайларындағы төлемдер, көпбалалы отбасылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлемдер кіреді.

Сонымен қатар ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу, «қандас» мәртебесінің аяқталуы туралы ескерту және жұмыссыздарға жұмыспен қамту шаралары жайлы автоматты хабарламалар жіберіледі.

Маңызды: Мемлекеттік қолдау шараларына құқығы расталған кезде 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Азамат бұл хабарламаға келісімін білдірсе, өтініш автоматты түрде рәсімделіп, төлем алушының банк шотына жіберіледі.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында SMS-хабарлама 1414 нөмірінен келетінін ескертеміз. Барлық сұрақтар бойынша 1414 Call-орталығына тегін хабарласуға болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу