Мемлекеттік аудит: ШҚО-да 50 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

pixabay.com
Бюджеттік қаражатты пайдалануға ішкі мемлекеттік аудит жүргізудің негізгі функцияларын жүзеге асыру мақсатында 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 56 аудит шарасын өткізді, олардың 21-і мемлекеттік аудит объектілерінің тізімі бойынша, ал 35-і басқа негіздер бойынша жүргізілді.
Аудит шараларының нәтижесінде 18 389,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Департаменттің қабылдаған шараларының нәтижесінде жалпы анықталған бұзушылықтардың 17 295,9 млн теңгесі, яғни 94% түзетілді. Оның ішінде: республикалық және жергілікті бюджеттерге 1 489,4 млн теңге қайтарылды; әлеуметтік объектілерге 1 312,0 млн теңгеге жұмыстар мен тауарлармен қалпына келтірілді; мемлекеттік ұйымдардың бухгалтерлік есебі 14 494,5 млн теңге көлемінде дұрысталды.
Анықталған бұзушылықтар үшін 50 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Аудит нәтижелері бойынша 32 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 5,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Құқық қорғау органдарына 412,1 млн теңге көлеміндегі 3 материал процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.