Аграрлық қаржыландыру: ШҚО-да көктемгі дала жұмыстарына 6,1 млрд теңге бөлінді

depositphotos.com
Көктемгі дала жұмыстарының қаржылық қамтамасыз етілуі – облыс басшылығының назарындағы өзекті бағыт. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 6,1 млрд теңге субсидия қарастырылған. Сала мамандарының айтуынша қолда бар ресурстар облыс фермерлеріне көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуге толық мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған жалпы соманың ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға – 1,121 млрд тг бөлінсе, оның 406 млн-ы игеріліп үлгерген. Ал минералды тыңайтқыштарға бағытталған 3,651 млрд тг-нің бірінші тоқсанда 953 млн-ы игерілген. Пестицидтерге 1,301 млрд тг бөлініп, оның 260 млн-ы мақсатты жұмсалып үлгерген. Суармалы суды жеткізуге бөлінген 16 млн тг мезгілдік науқанда игерілмек.
Сонымен қатар «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 3,3 млрд теңге несие берілген. Жалпы қарастырылған сома 12 млрд тг-ден астам.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 11,5 млрд теңгеге техника мен жабдықтар лизингке берілуде. 2025 жылғы 20 ақпаннан бастап 500 млн теңгеден астам қаражатқа 44 бірлік техника сатып алынған.
Ержан ӘБіш