Өскемен: Қараусыз қалған Мирный кентінің инфрақұрылымы жаңа әкімнің назарында
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Мирный кентінің тұрғындарымен кездесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдады. Әсіресе, Комарова және Шевченко көшелерінің тұрғындары жол сапасы, су құбыры жүйесін жаңарту және көлік жылдамдығын шектеу сынды маңызды түйткілдерді көтерді.
Комарова көшесінің жолы мүлде тозып кеткен. Қашан салынғаны белгісіз бұл жолдың ұзындығы 470 метрді құрайды. Қазіргі таңда жолдың ортасы ойылып, тұрғындар үшін қауіпті аумаққа айналған. Көшенің соңында пайда болған үлкен шұңқыр жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына едәуір кедергі келтіруде.
Ал Шевченко көшесінде асфальт жол мүлде болмаған. Мұндағы тұрғындарды әсіресе жиі жарылатын су құбырлары әбден қажытқан. Мамандардың айтуынша, ескі құбырларды жөндеу мүмкін емес, оларды толық ауыстыру қажет.
Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығы. Қазір бүлдіршіндер мектеп ауласында ойнауға мәжбүр, алайда бұл аумақта арнайы ойын алаңы қарастырылмаған. Әкім Алмат Талғатұлы бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтты. Жақын арада мектеп ауласы тексеріліп, қажетті жұмыстар қолға алынбақ.
Сонымен қатар, биыл Шевченко көшесіне қиыршық тас төселіп, келер жылы толыққанды жол салу жоспарда тұр.
Кезінде билік назарынан тыс қалған Мирный кентінің инфрақұрылымы енді біртіндеп жаңартылмақ. Тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Айдос Мырзахметов