Абай облысындағы табиғи өрт оқшауланды
Абай облысының Бесқарағай ауданындағы табиғи өрт оқшауланып, жағдай тұрақталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
4 сәуір күні түстен кейін Қоянбай ауылы маңындағы құрғақ шөптің жануы туралы ақпарат түскен болатын. Желдің екпінімен өрт “Семей орманы” табиғи резерватының Морозов филиалына тараған.
Оқиға орнына шұғыл түрде өрт сөндіру бөлімдері, арнайы техника және орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды.
Тілсіз жаумен күреске Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері, сондай-ақ “Семей орманы” мен “Ертіс орманы” мекемелері мен жергілікті атқарушы органдар тартылды. Барлығы 353 адам, 130-ға жуық техника және 1 тікұшақ өртті сөндіруге жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, жаңбырлы ауа райы өртті ауыздықтауға сеп болды.
Қазіргі таңда өрттің таралу қаупі жойылған. Елді мекендерге қауіп жоқ, жағдай толық бақылауда.