Шығыстың шындығы – сахнада: «Зұлмат» қойылымы жайлы толғам
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында көрсетіліп жатқан Қолғанат Мұраттың пьесасы негізіндегірежиссер Абай Дәулетұлының «Зұлмат» спектаклі көрерменге күштеп ұжымдастыру, конфискация және ашаршылық жылдарының азабы мен қасіретін жеткізеді. Қойылым халықтың басынан өткен ауыр кезеңдерге, адам тағдырларына назар аудартады.
Өскемен театрының қазақ труппасы ұсынған «Зұлмат» спектаклі Зайсан ауданындағы Қара Ертіс өңірінде тағдырдың талқысына түскен Шой ананың өмірі мен күресін сахна төрінде бейнелейді. Тарихи кезеңнің ащы шындығымен астасқан бұл оқиға қазақ халқының ауыр өткелдерін терең драматургиялық қырынан ашады. Шой ананың өз баласын аман алып қалу үшін туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған тағдыры, ал елде қалған балаларын ойлап, жүрегінің шерге толуы, қорқыныш пен үміттің арпалысында күн кешуі көрерменнің жан дүниесін терең толғандырады. Спектакльдің негізгі мақсаты – тағдыр тәлкегіне қарамастан, адамдық қасиеттердің, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, адалдық пен сатқындықтың күресін көрсету.
Қойылым Кәрібай мен Шой ананың шаңырағындағы қуаныш сәтінен басталады. Сахнада Қапизаның ұзатылу рәсімі бейнеленіп, бұл көрініс отбасының бақытты өмірін көрсетіп, осындай жарқын мизансцена арқылы режиссер көрерменді алдағы болатын қайғылы оқиғаларға дайындайды. Сахнада қарапайым отбасылық қуаныштың астарында тұрған үрей мен қасірет біртіндеп ашылып, көрерменді тұлғалық трагедия мен әлеуметтік әділетсіздіктің тоғысқан нүктесіне жетелейді. Кәрібайдың күйеу баласының сатқындығынан түрмеге жабылуы және қуғынға ұшырауы жеке тұлғаның ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік-саяси жүйенің дағдарысын бейнелейді. Қойылым барысында Кәрібайдың тағдыры арқылы кеңестік жүйенің адам тағдырына жасаған зорлық-зомбылықтары, моральдық құндылықтардың күйреуі айқын көрініс тапқан.
Шой ананың бейнесін сомдаған актриса М. Құмарова кейіпкердің қайғы мен қасіретке толы тағдырын ішкі дүниесінің тереңдігінен өткізе отырып, оның физикалық болмысымен ұштастыруға тырысқан. Шой ананың шерменде жүзінен, көңіл күйінің арпалысынан, жанын жегідей жеген уайымнан оның трагедиясы көрініс табады.
Кәрібай ролін сомдаған Е. Хасенов те кеңестік саясаттың зұлматын тартқан, өз өңіріндегі халықтың ауыртпалығын арқалаған қарапайым азаматтың жан дүниесін ашуға талпынған. Кәрібайдың жеке трагедиясы тек сыртқы қайғы-қасіреттен емес, оның ішкі әлеміндегі күрестерден, сенім мен күйзелістің арпалысынан құралатынын ескерсек, бұл рольдің драматургиялық әлеуеті мол.
Қойылымның идеялық мазмұнын ашуда және көркемдік ерекшелігін көрсетуде Аяпберген бейнесін сомдаған М. Разхановтың еңбегі зор. Оның ойынының арқасында Октябрь революциясынан кейінгі қазақ жерін азапқа салған империялық үстемдіктің зорлық-зомбылық саясатының жүзеге асырушысы ретінде Аяпбергеннің бейнесі айқын ашылды. Актердің ойынынан бұл кейіпкердің әр әрекетінен астарлы қасірет пен зұлматты анық тануға болады. Аяпбергеннің бейнесі арқылы тоталитарлық жүйенің сұрқия саясаты көрініс тауып, тарихи кезеңнің саяси аспектілерін тереңірек түсіндіруге септігін тигізеді.
Е. Кәкімовтің Командир бейнесі күрделі әрі көпқабатты, актер осы роль арқылы бейненің әлеуметтік мәнін шынайы әрі терең жеткізген. Кейіпкердің сырттай белсенді болғанымен, іштей тұйық, сөзге сараң болмысы төңкеріс пен кеңестік режимнің «қырағы сақшысына» тән сипаттарды меңзейді. Кәкімов Командирдің астарында жатқан ішкі психологиялық шиеленісті нақты ашып, тек сыртқы әрекеттермен шектелмей, кейіпкердің ішкі дүниесінің күрделі болмысын сахналық тәсілдермен көрсете алды.
Драматургиялық материалды терең түсініп, оның астарлы мағынасын сахнаға шығаруда режиссер А. Дәулетұлының еңбегі зор. Зұлмат кезеңнің сұрапыл көріністерін барынша айқын, әрі жинақы бейнелеп, көрерменге өткен уақыттың тыныс-тіршілігін сезіндіре білді. Режиссердің сахналық тұжырымдамасы терең әлеуметтік және саяси контексте құрылып, заманның тарихи оқиғаларын суреттеу арқылы спектакльдің идеялық мазмұнын толықтай ашып көрсетті.
Режиссердің бұл ойлары сценограф А. Самарқановпен тығыз байланыста жүзеге асқан. Суретші мен режиссер ортақ тіл тауып, сахнаны актерлердің әрекеттеріне ыңғайлап қана қоймай, қойылымның визуалды бейнесін де дәл берген. Сахнада суға толы бассейн – Ертіс өзенінің табиғи көрінісін ғана емес, сонымен қатар кейіпкерлердің эмоционалдық және психологиялық күйлерін символдық түрде жеткізетін шешім. Қамыс пен су элементі тек декорация емес, жанды орта ретінде сахналық әрекеттің динамикасын арттырып, қойылымның философиялық тереңдігін аша түскен.
Актерлердің бассейнге еніп, су арқылы әрекет етуі – адамзаттың ішкі сезімдері мен драмаларын бейнелеуде ерекше роль атқарып, спектакльдің поэтикалық композициясын күшейтіп, табиғат пен адам өмірінің ағынының ажырамас байланысын айқын көрсетеді. Ертістің суы көркем символ ретінде кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі өзгерістер мен сезімдер ағысын бейнелеу арқылы адамның ішкі рухани күресін, оның психологиялық күйзелістерін де ашады.
Режиссер спектакльге үш символдық кейіпкерді – Тағдыр (С. Қопабаева), Уақыт (М. Арғынбекова), Ғұмыр (Г. Бақтыбаева) – қосу арқылы қойылымға терең философиялық мағына берген. Шой апаның пьесадағы біраз сөздерін осы кейіпкерлердің айтуынан қойылым эпикалық тұрғыда жаңа мәнге ие болды. Қара киімді, бастарында бұтақтары бар символдық бейнелер тамыры тереңге жайылған халықтың мұң-мұқтажы мен өткен зұлмат жылдардың куәсі ретінде көрініс тапқан. Олардың образы алып бәйтерек іспеттес, халықтың рухын, тарихын, әрі өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты бейнелейді.
«Зұлмат» қойылымы Шығыс Қазақстан театры қазақ труппасының шығармашылық әлеуетін көрсеткен ерекше туынды болды. Қойылым театр репертуарында ұзақ уақыт сақталатынына сенімдіміз. Біріншіден, қойылымның сюжеті жергілікті аймақтың тарихымен тығыз байланысты, бұл оны өңір тұрғындарына ерекше жақын әрі өзекті етеді. Екіншіден, көрсетілген тарихи оқиға барша қазақ халқы үшін маңызды әрі ортақ тарихи тағдырды бейнелейді. Үшіншіден, режиссерлік тұрғыдан алғанда, спектакльде қызықты шешімдер мен терең ой-тұжырымдар орын алған. Режиссер А.Дәулетұлы тарихи драманың формасын заманауи режиссура мен сахналық эстетика арқылы жаңғыртып, көрерменге эмоционалдық әрі интеллектуалдық әсер қалдырады.
Анар Еркебай,
театртанушы, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры



