ШҚО-да «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде

10 сәуірден 6 мамырға дейін өңір аумағында кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған “Жасөспірім” Республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара аясында білім беру ортасындағы бұзушылықтардың алдын алуға, балаларға қатысты қылмыстарды анықтауға, көшелерде және қоғамдық орындарда бұзақылық пен қоғамға жат мінез-құлықтың жолын кесуге ерекше назар аударылады.
Тәртіп сақшылары түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда және үйден тыс жерлерде ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша кешкі және түнгі рейдтер өткізеді. Сондай-ақ, есепте тұрған қолайсыз отбасыларға барып, тұрмыс жағдайлары тексеріліп, ата-аналармен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда полицейлер заң аясында шаралар қабылдайды.
Полиция сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелет жасқа толмағандарға заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуға тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай орындарға ойын мекемелері, түнгі клубтар, барлар, мейрамханалар, дәмханалар, интернет және компьютерлік клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, театр және басқа да ойын-сауық нысандары жатады.
Сонымен қатар, сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін балаларға ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүруге тыйым салынады. Егер жасөспірім аулаға, үйдің жанындағы дүкенге барса немесе кешке қоқысты шығарса да, полиция қызметкерлері оның үйден шығу себебін анықтауға міндетті. Заңды өкілдерін жедел анықтау мүмкін болмаған жағдайда, бала мән-жайларды одан әрі анықтау үшін ішкі істер органдарының бөлімшесіне жеткізілетін болады.